Жарияланды: 560

Еліміздегі автожолдардың 60 процентке жуығының пайдаланылу жағдайын сарапшылар қанағаттанарлық емес деп бағалауда

Қазақстанның автокөлік жолдары саласындағы басты проблема - автожолдардың техникалық ахуалының үдемелі сипатта нашарлай түсуі болмақ. ТМД аясындағы халықаралық автокөлік одағының, Қазақстан Республикасының халықаралық автокөлік тасымалшылары одағының, сондай-ақ, ҚР көлік және коммуникация жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары "Қазақстанның 2003-2004-жылғы автокөлік саласы" тақырыбындағы талдау баяндаманы дайындау барысында осындай

қорытындыға келді. Баяндама бүгін, 17-мамырда Алматыда таныстырылды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі. Мамандардың айтуынша, қазіргі жағдаймен Қазақстанда "автомагистраль" немесе "үлкен жылдамдықпен жүруге болатын сара жол" деп атауға тұратын бірде-бір автокөлік жолы жоқ. Автокөлік жолдарының техникалық көрсеткіштері халықаралық стандарт талаптарына сай келмейді. Сарапшылардың пікірінше, көлік дәліздері бойынша жолдардың өткізгіштік қабілетін арттыру үшін жекелеген автожол учаскелерін жаңалау қажет. Қазақстандағы халықаралық маңызды автожолдардың 94 проценті асфальт немесе қиыршық тас төселген жолдар. Дегенмен, сарапшылардың бағалауынша, еліміздегі автожолдардың 60 процентінің пайдаланылу жағдайы қанағаттанарлық емес. Негізгі бағыттардағы 443 көпірдің 38 апатты немесе апат алдындағы жағдайда. Сондай-ақ, мамандар Астрахань - Туркменбаши, Ақтау - Атырау, Атырау - Орал бағытындағы жол учаскелерін тез арада жаңалау, Қиғаш өзені арқылы өтетін көпір салу қажет дейді. Жол салу саласында Челябинск - Қостанай - Астана - Алматы - Қорғас және Самара - Шымкент - Алматы - Қорғас бағытындағы халықаралық маңызды транзиттік жолдарға басымдық беріледі. Талдамалық баяндама авторларының мәліметі бойынша, биыл жолдарды жаңалау және жаңадан салуға 40 млрд. теңге, 2005-жылы 55 млрд. теңге бөлу көзделген.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін