Жарияланды: 590

Еліміздегі бес беделді ЖОО-ға ректорлар ұсынылды

Еліміздегі бес беделді ЖОО-ға ректорлар ұсынылды

5 қыркүйек күні Астанада мемлекеттік жоғары оқу орындары ректорлары лауазымдарына үміткерлерді айқындау бойынша Республикалық конкурстық комиссия отырысы болып өтті.

Отырыс барысында 5 мемлекеттік ЖОО: Атырау мұнай және газ  университетінің, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің, Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және  инжиниринг университетінің, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректорлықтарына үміткерлер қарастырылды.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаевтың төрағалығымен, сондай-ақ, ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқармасының төрағасы Ерлан Қариннің, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетовтің, Қазақстанның Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың және басқа да комиссия мүшелерінің қатысуымен өткен отырыста вакантты ректорлық лауазымдарға үміткерлермен сұхбаттар өткізілді.

15 үміткер ЖОО дамыту бағдарламаларын ұсынды. Олар ЖОО Бақылау кеңестерінің ұсынымдары бойынша, 38 үміткердің арасынан іріктелініп алынды. 

Сұхбаттасулар қорытындылары мен ЖОО дамыту бағдарламаларын талқылау нәтижесінде конкурстық комиссия төмендегі үміткерлерді ректорлық лауазымға ұсынды: Атырау мұнай және газ  университетіне - Әбішев Әли Әжімұлы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне - Алдамбергенова Гаухар Төремұратқызы, Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетіне - Ахметов Берік Бақытжанұлы, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне - Сарыбеков Махметғали Нұрғалиұлы, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне  - Ахметова Гаухар Ғалымқызы.

Ректорларды сайлауды енгізу Елбасы Н.Ә. Назарбаев белгілеген бес институционалдық реформаларды іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам - Ұлт жоспарының 78 қадамына сәйкес, ЖОО-дарының академиялық және басқару дербестіктерін кезең-кезеңімен кеңейтуге бағытталып отыр. 


 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть