Жарияланды: 410

Еуропалық комиссия Семей өңіріне арнап 4 млн. евро бөлді

Еуропалық комиссия Семей өңіріне арнап 4 млн. евро бөлді. Бұл туралы 6-тамызда Семейге келген Еуропарламент депутаты Страун Стивенсон мәлімдеді ,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

С.Стивенсонның айтуынша, бұл қаржыны қандай мақсаттарға жұмсау жөніндегі келіссөздер жуық арада жүргізілмек. Семейде Еуропарламент депутаты мынадай мәлімдеме жамсады : "Еуропа қоғамдастығы Семейге бұдан кейін де қолұшын созуға дайын. Алайда біз бірінші кезекте өз халқына көмектесуге міндетті Қазақстан үкіметі тарапынан да қолдау күтеміз. Екі жақ өзара тізе қосып жұмыс істеуге тиіс". С.Стивенсон бастаған Еуропарламент өкілдері Семей өңірін 2000-жылы да аралаған. Сол кезде депутаттар ядролық сынақтардан ең көп зардап шеккен аудандарда, атап айтсақ, Қайнар, Сарыжал, Қарауыл және Знаменка ауылдарында болды. С.Стивенсонның айтуынша, Еуропалықтардың басым бөлігі Семей трагедиясынан мүлдем бейхабар. Сондықтан да Еуропарламент депутаттарының миссиясы Семей өңірінің тұрғындары, олардың ядролық сынақтардан шеккен залал-зардабы туралы халықты хабардар ету болып табылады. Бұл жолы С.Стивенсон Семейге өзімен бірге кино түсірушілер тобы мен танымал кино әртісі Кимберли Хауриликті ілестіре келіпті. Делегация мүшелері 2000-жылғы маршрутты қайтадан қайталап, бұл өңірдегі содан бергі сауықтыру шараларының нәтижесімен көзбе-көз таныспақ ниетте. Сондай-ақ, қонақтар ауылдық балғындарға спорт киімі жиынтықтарынан қайырымдылық көмектер ала келіпті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть