Жарияланды: 800

Францияның Қазақстандағы елшісі өз елшіліктері тарапынан Қазақстан азаматтарына виза беруден бас тарту оқиғалары мардымсыз деп сендіреді

"Францияның Қазақстандағы елшілігі тарапынан Қазақстан азаматтарына виза беруден бас тарту оқиғалары мардымсыз",- деп хабарлады бүгін, 30-шілдеде журналистермен кездесуде Францияның Қазақстандағы елшісі Жерар Перролэ . Ол осы орайда елшіліктің виза беру саласындағы жұмысына сын таққан Қазақстандық баспасөз беттеріндегі хабарламаларды жоққа шығарды.

Жерар Перролэнің айтуына қарағанда, Француз елшілігіндегі виза беруден бас тарту оқиғасы былтыр 10 процентті құраса, биыл бұл көрсеткіш 6-7 процентке дейін кеміген. "Ал басқа елшіліктердегі деңгей 35-40 процентке жетеді",- деп ақталды елші. 2002-жылы Франция елшілігі Қазақстандық 14 мың азаматқа виза берсе, үстіміздегі жылдың басынан бері 7 мың адам Францияға баруға рұқсат алған. Осы орайда Ж.Перролэ мырзаның айтуынша, өткен жылдармен салыстырғанда биыл берілген іскерлік және туристік визалардың арақатынасы тепе-тең түскен. Ал бұрындары көбінесе іскерлік визалар рәсімделіп келген. Сондай-ақ, биылдан бастап Францияда оқып қайтуға виза алғандар саны арта түсіпті. Жалпы алғанда, Француз дипломатының айтуынша, осыдан бірнеше ай бұрын елшілікте жаңа тәртіп енгізілуіне байланысты виза беру мерзімі 4-тен 2-күнге дейін қысқарған. Виза рәсімдеу құны қазір 35 евроны құрайды. Егер бұл сомадан артық көлемде ақша талап етілетіндей жағдай болса, ондай деректі елші жедел түрде елшілікке хабарлауды сұрады. Елшіліктің еліміздегі туристік агенттіктермен қарым-қатынастан бас тартуына қатысты жаңа тәртіпті елші агенттіктер тарапынан құжат рәсімдеуде жіберген қайшылықтармен және жалған ақпараттар берумен байланыстырып түсіндірді. Дипломат елшіліктің туристік Агенттіктермен ынтымақтастықты қайтадан жандандыру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Алайда ол үшін Агенттіктер "өз жұмысын ретке келтіруі тиіс". Осы орайда дипломат Франциядағы туристік Агенттіктердің жұмысынан мысал келтірді. Онда тәртіп бұзған Агенттіктер қызмет жүргізу құқығынан біржола айрылатын көрінеді. Ал Қазақстандық азаматтардың Францияға заңсыз қоныс аудару дерегіне тоқталған елші мұндай жағдайдың аз да болса кездесіп қалатынын мойындады. Бірақ елші мұндай көші-қон ауқымы әзірше күрделі тауқымет тудыратындай деңгейге көтерілмегенін жеткізді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть