Жарияланды: 760

Инсульт дерті бүкіл әлем бойынша жасарып келеді

Инсульт дерті бүкіл әлем бойынша жасарып келеді

Инсульт дерті бүкіл әлем бойынша жасарып келеді. Ол әрине қарт адамдар арасында жиі кездеседі. Бірақ, инсульт  зиянды әдеттерге бой алдырған 40 жас шамасындағы адамдар арасында да тарала бастады.

Бұл туралы бүгін Алматыда «Қазақстанда неврология бойынша білімдерді жаңғырту» тақырыбы бойынша өтіп жатқан Халықаралық білім беру ғылыми форумы барысында С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің профессоры,  Қазақстан неврологтарының «Neurosciences» ұлттық қауымдастығының президенті Салтанат Кәменова мәлім етті.

Оның айтуынша, Қазақстанда жүйке ауруларының алдын алу үшін отандық денсаулық сақтау саласына халықаралық стандарттарды енгізу қажет.

«Қазіргі таңда Қазақстанның әр өңірінде жыл сайын шамамен 1000 адамның ішінде 3-4 адам инсультқа шалдығады. Яғни бұл, еліміз бойынша жыл сайын 49 мың адам инсульт дертіне шалдығады деген сөз. Олардың тең жартысы алғашқы жылы көз жұмады. Ал қалған жартысы мүгедек болып қалады. Өйткені, ойлау, сөйлеу, қозғалу секілді қызметтерге жауап беретін мидағы нейрондардың зақымдалуы кем дегенде мүгедектікке әкеп соғады», - деді өз сөзінде С. Кәменова.

Оның айтуынша, елімізде инсульт дертінің алдын алу үшін диагноз қою мен емделуге дегенқол жетімділікті барынша арттыра түскен абзал.

«Қазір елімізде «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында бүгінде елімізде 48 инсульт орталығы ашылып, жемісті жұмыс істеуде. Бірақ шашыраңқы склероз, паркинсон дерті, деменция секілді басқа да аурулар бойынша әлі де шешетін мәселелер көп. Алдымен олар бойынша өз алдына бөлек заңнама қабылау қажет. Жалпы, жүйке аурулары медициналық-әлеуметтік сипатқа ие. Яғни, артық салмақ, маскүнемдік, темекіге құмарлық секілді зиянды әдеттер осындай ауруларға әкеп соғады. Сондықтан, саламатты өмір салтын ұстанып, дәрігерге дер кезінде қаралып тұрған жөн», -  деді С. Кәменова.

Бүгінгі халақыралық ғылыми форумға Қазақстанның әр өңірінен және алыс және жақын шет елдерден 500-ге жуық делегат қатысуда. Олардың ішінде профессорлар, невролог дәрігерлер, терапевтер, реаниматологтар, жалпы практикалық дәрігерлер және басқа да медициналық мамандар бар. Форум барысында ғылыми баяндамалар оқылып, диагностика және емдеу бойынша талқылаулар жүргізіледі және шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін