Жарияланды: 740

Интернеттегі LoveSan вирусының шабуылы салдарынан "Қазақтелеком" ААҚ-ның корпоративтік желісінің жұмысы шектелді

Интернеттегі LoveSan вирусының шабуылы салдарынан "Қазақтелеком" ААҚ-ның корпоративтік желісінің жұмысы шектеліп, орталық аппарат кеңсесі мен кейбір салалық бөлімшелердің жұмысында қиындықтар туындады. Қазіргі таңда ұлттық байланыс операторы "Қазақтелеком" ААҚ компанияның компьютерлік желісі арқылы LoveSan вирусының таралу проблемасы шешілді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне "Қазақтелеком" ААҚ-ның баспасөз қызметінен хабарлады.

Өткен аптада интернетте LoveSan (Blaster) атты аса қауіпті желідегі вирус пайда болды. Бұл вирус тарихтағы аса ірі ғаламдық эпидемия туғызып, дүниежүзінің барлық елдерін дерлік шарпып өтті. 13-тамызда эпидемия бүкіл интернет желісіне таралды. Аталмыш вирустың АҚШ пен Еуропадағы 400 компанияның желісін істен шығарғаны белгілі болып отыр. LoveSan (Blaster) вирусы Windows NT/ 2000/XP/2003 операциялық жүйелерін орнатқан, бірақ оны жаңаламаған компьютерлерге шабуыл жасады. Бірақ ол ақпараттардың жойылуына апарып соққан жоқ. Вирус тудырған басты қауіп - аса көлемді жасанды траффикке жол беру салдарынан байланыс желілері бүлінді. Таяуда "Қазақтелеком"-ның бес бөлімшесінде, атап айтсақ, "Шалғай байланыс " бірлестігі, "Алматытелеком" қалалық телекоммуникация орталығы, Павлодар облыстық телекоммуникация дирекциясы, Солтүстік Қазақстан облыстық телекоммуникация дирекциясы мен орталық аппараты LoveSan (Blaster) вирусының шабуылына душар болды. Желіге сыртттан вирус енгізуге алғашқы талпыныс 11-тамызда тіркелді. 11-21-тамыз аралығында орталық шлюзда барлығы осындай 2200 талпыныс тіркелді. Вирусқа қатысты ең ауыр ахуал 13-14-тамызда байқалып, бірқатар салалық бөімшелерде корпоративтік желінің жұмысы іс жүзінде шектелді. "Қазақтелекомның" ақпараттық технологиялар жөніндегі арнайы қызметі вирус жұқтырған компьютерлерді анықтауға, оларды қалпына келтіруге және вирусты жоюға қадамдар жасады. 18-тамыздағы жағдаймен желіде вирус жұқтырған 2 компьютер қалды. Желідегі бұл вирус Павлодар облыстық телекоммуникация дирекциясы мен Солтүстік Қазақстан облыстық телекоммуникация дирекциясының желісіне қарай ойысты. Сырттан келген вирустарды әшкерелеу жүйесінің көмегімен тұрақты мониторинг жүргізу нәтижесінде вирус жұқтырған барлық компьютерлер желіден жедел түрде ажыратылып отырды. Желіде сол тұста үздіксіз жұмыс істеу қажет болмаған тұтынушылар желіден уақытша ажыратылды. Корпоративтік желісінде 7500-ден астам жеке компьютерлер жұмыс істейтін "Қазақтелеком" желісінің вирус жұқтыруы аса ірі көлемдегі траффиктің белең алуына апарып соғу арқылы желідегі байланыстың істен шығуына себепкер болып қана қоймай, негізгі ақпараттық жүйелердің жұмысын шектеуге немесе олардың жұмысының баяулауына душар ете жаздады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть