"Кабинетке кірсем іш киіммен отыр...". Есік қаласында қызметкерлеріне жыныстық қысым жасаған басшыға қатысты дау туды (ВИДЕО) - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Кабинетке кірсем іш киіммен отыр...". Есік қаласында қызметкерлеріне жыныстық қысым жасаған басшыға қатысты дау туды (ВИДЕО)

"Кабинетке кірсем іш киіммен отыр...". Есік қаласында қызметкерлеріне жыныстық қысым жасаған басшыға қатысты дау туды (ВИДЕО)

Алматы облысының Есік қаласындағы ақыл-есі кем науқастарға арналған орталықтың медбикелері мекеме басшысының үстінен шағымданды. Олардың айтуларынша, қызқұмар басшы төсектес болудан бас тартқан қызметкерлерінің соңына түсіп, қысым көрсетеді екен.

  • 11 Тамыз 2020
  • 1255
Фото - Caravan.kz

Дегенмен "Аманат" арнаулы қызмет көрсету орталығының директоры өзіне тағылған бұл айыптауларды мойындамады, деп хабарлайды Caravan.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Эльмира Асқарова білдей басшының қызқұмар қылықтарын жалпақ жұртқа жария етуге бел буған. Алматы облысындағы ақыл-есі кем науқастарға арналған орталықтың медбикесі директордың қыз-келіншектерге қол жүгіртіп, жыныстық қатынасқа тартатынын айтады. "Көзіне түскенді кабинетіне шақырып, ішімдік ішуге мәжбүрлейді", — дейді шыр-пыр болған қызметкер.

Эльмира Асқарова, медбике:

— Кабинетіне шақырып: "Кел, ішіп қояйық" деді. Мазақ қылды. "Ұлттық асханада боласың ба?" деп. Мен үйде емеспін. Неге жасап алып келу керекпін? Жыладым да, кабинетінени шығып кеттім. "Тоқташы", — деді. "Бір айналып жіберші", — дейді. "Фигураңды көрейін" дегендей. Тікелей басшыма барып, жыладым.

Қарамағындағы қызметкерлерді палатада емес, төсекте көргісі келетін басшы, әсіресе ажырасқан немесе күйеуі қайтыс болған жалғызбасты келіншектерге қырғидай тиеді дейді медбикелер.

Айнұр Керімова, медбике:

— Кабинетке кірсем, іш-киіммен отыр. "Енді не істейміз? Бастаймыз ба?", — дейді. "Нені", — дедім. Ол бірақ бой бермей, шашымнан ұстап бас салды. Есін білмейтін, мас. Итеріп жіберіп, алды-артыма қарамай қаштым. Сосын жылап, әріптестеріме айттым. Бұл деген барып тұрған бассыздық қой!

Есік қаласындағы "Аманат" арнаулы қызмет көрсету орталығына жаңа басшы ақпан айында келген екен. Содан бері жұмысшылардан маза кетіпті. Күшейтілген карантинде "артығымен жұмыс істедік" деген наразы топ айлықтың қысқарғанына да қапалы.

Айдар Сәменов, бақылаушы-санитар:

— Біздің айлығымыз ай сайын төмендеп бара жатыр. Бухалтерияға барсақ, "Бедный месяц" дейді. Сонда қалай, мемлекетте айлар "бедный", "богатый" боып бөліне ме? Айтқан сөзінде тұрмады. Бір айлық берем дегеніне. Эльмира деген қыз жылап келгеніне өзім куәмін. Кешкі сегізге бастық шақырды деп. Сол кезде айттым, мен сенімен барайын деп. Жұмыстан шығарса, шығара берсін деп.


Басшылықтың бассыздығын айтқан медбикелер бас прокуратура, еңбек инспекциясы мен жауапты министрлікке арыз жазыпты. Ал аурухана басшысы Мақсат Бекетаев өзіне шаң жуытқан жоқ. "Қол астымдағы қызметкерлер күшейтілген талапқа көнбей, негізсіз жала жауып отыр" — дейді ол.

Мақсат Бекетаев, Есік қаласы "Аманат" арнаулы қызмет көрсету орталығының басшысы:

— Бәрі жала. Бәрі өтірік. Мынаны екі-үш адам ұйымдастырып жасап отыр. Жұмысты талап еткен соң, мүмкін жаза бастады. Мен сотқа берейін деп жатырмын. Сот бәрін анықтайды. Қаржы полициясы бәрін тексереді, сосын өздері шешім шығарады. Айлық туралы айтқандары да өтірік.

Есік қаласындағы ақыл-есі кем адамдарға арналған орталықта 500-ден астам науқас бар. Ал оларға 300-ге жуық медициналық маман қызмет көрсетеді. "Құқығымыз тапталды" деген қызметкерлер құзырлы орындарға екі ай бұрын шағымданыпты. Ең сорақысы, олардың жанайқайына әлі күнге дейін ешкім назар аудармаған. Орталықтың қызметкерлері қызқұмар басшымыз бассыздығын тоқтатпаса, базынамызды Мемлекет басшысына жеткіземіз деп отыр.

 (

Соңғы жаңалықтар