Жарияланды: 380

Кәсіпкер келіншек Мәжіліс депутаты Романовскаядан не себепті қорқып жүр?

Кәсіпкер келіншек Мәжіліс депутаты Романовскаядан не себепті қорқып жүр?

Шырқы бұзылған демалысқа қатысты Мәжіліс депутаты мен турфирма директоры арасындағы дау жаңа қарқын алатын сыңайлы. Кәсіпкер келіншек жазғы демалыстан шыққан депутаттан қатты қорқып отыр.

Светлана Романовскаяның қаһарына ілінген ол кеңсесінен де ертерек кетуге тырысады. Депутатпен арадағы текетіресті телефонға жазып, күллі елге жариялап жіберген Әсел Нұркебаева енді ол ісі үшін өкініп отыр екен. Ал Романовская өзіне шаң жуытқан жоқ. Тіпті балағат сөздер жазылған таспаға да күмән келтірді.

Әсел депутаттың кесірі тие ме деп сары уайымға салынған. Жатса да, тұрса да ойлайтыны – осы. Бір жолдама үшін жанжалдасып, күтпеген жерден жау тауып алған келіншек кешқұрым үйінен де шықпайды.        

Әсел Нұркебаева, туристік компания басшысы:

-Бизнесім үшін де, балам үшін де алаңдап отырмын. Кеңсеме күдікті бір зат қалдырып кетуі де мүмкін ғой. Себебі, ол қарапайым адам емес. Қолында билігі бар. «Көзіңді құртам, жоям» деді.

Депутаттың дөрекі сөздерін естіп, төбе шашы тік тұрған Әселдің анасы да қазір түн ұйқысынан айырылған.  

- Я сижу дома и волнуюсь, не сплю, постоянно какой то стук или что, я вскакиваю.

Кәсіпкер енді туристік фирмасын тексерушілер көбейіп кете ме деген қорқынышын да жасырмады. Естеріңізге салсақ дау шілде айында басталған. Түркияға жоспарланған демалысының шырқы бұзылғанда Мәжіліс депутаты Светалана Романовская ашуға мініпті. Табан астынан өзгерген әуе билеттері үшін әбден ызаланған депутат шетелден бақырып қоңырау шалған көрінеді.     

- Надоела, я приеду из Турции бл..дь я от тебя мокрого места, сука, не оставлю! – Да вы что? За что? -Ты посмотришь, что я из себя представляю!  Я найду за что. – Да вы что?- Да! – Вы мне угражаете? – Все пока!

Бірақ депутаттың өзі мұны жоққа шығарды. Дауыс менікі емес деп азар да безер. Енді ол таспаның түпнұсқалығын тексерткізіп, әрі демалысын дауға ауналдырған турфирма басшысын сотқа сүйремек.       

Светлана Романовская, Мәжіліс депутаты:

- Сотқа арызымды дайындап жатырмын. Депутаттық жұмысым қауырт боп тұрғандықтан, бұл іспен қазір заңгерлерім айналысуда. Туроператорларды тәртіпке келтіру керек. Сондықтан бұл іске бәрібір де өзім кірісіп, соңына дейін жеткізем.

Бұл – депутат демалып келген жер. Түркиядағы ең қымбат 5жұлдызды отель. Оған Романовская 6800 доллар жұмсапты. Бірақ халық қалаулысының көңіл-күйін бұзған мейманхана емес. Жанжал әуе билеттерінен шыққан. Эконом-класспен ұшудан үзілді-кесілді бас тартқан депутат, ақыры турфирмаға «бизнес-классқа» билеттер алдыртқан екен. Енді тараптар мәселені сотта шешуі тиіс. Тек Әсел Нұркебаева «қол сұғылмаушылық құқы» бар депутат-клиенті дес бермей кете ме деп алаңдаулы.     

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін