Қазақстан халықаралық аренада не ұсына алады? - kaz.caravan.kz
  • $ 475.03
  • 517.21
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
12 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан халықаралық аренада не ұсына алады?

Қазақстан халықаралық аренада не ұсына алады?

Қазақстанның биылғы сыртқы саясаты прагматизмге негізделуі керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеген еді.

  • 24 Маусым
  • 2460
Фото: caravan.kz

Қазақстанның сыртқы саяси аренадағы орны туралы Caravan.kz медиа порталы материал ұсынады. 

Биыл Қазақстан үшін жаһандық беделін тағы бір айғақтап, бекемдейтін жыл болады. 2024 жылы еліміз өңірлік және халықаралық деңгей­дегі бірқатар ықпалды ұйымдарға төрағалық етеді.

Президент әлемдегі алпауыт елдермен және өңірдегі ықпалды мемлекеттермен тең дәрежелі әрі тиімді ынтымақтастық орнатудың маңызына тоқталды. Қазіргі таңда шартараптағы геосаяси ахуал өзгеріп, саяси текетірестер күшейе түсті. Бұрын әлем бірполярлы саналып келсе, бүгінде өңірлік және жаһандық өктемдікке ұмтылатындар жетерлік. Мұның бәрі әлемдік саясат тақтасындағы ахуалды күрделендіре түсетіні басы ашық мәселе. Осындайда Қазақстан үшін прагматизмге негізделген көпжақты сая­сат ауадай қажет. 

«Қазақстан ешкіммен жау­ласпайды, халықаралық дауларға ки­лік­пейді. Біздің таңдаған жолымыз – айқын. Прагматизмге негізделген салмақты әрі салиқалы саясаттан еш айнымаймыз. Біз екіжақты және көп­жақты міндеттемелерден бас тартпай­мыз. Даулы мәселелер туындаса, ұлт­тық мүддемізге сай ұтымды шешім та­буға ұмтыламыз. Біз тәуелсіздік пен егемендікке, еліміздің шекарасы мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін бір де бір келісімге жол бермеуіміз керек. Өйткені осы қасиетті құндылықтар біз үшін бәрінен қымбат. Біз, ең алдымен, Қазақстанның мүдделерін табан­ды­лықпен қорғауымыз қажет», — деді Мемлекет басшысы.

2024 жыл Қазақстанның сыртқы саясаты үшін маңызды жыл болмақ. Себебі еліміз бірден алты халықаралық ұйымды басқарады. Қазақстан халықаралық аренада не ұсына алады? 

Соңғы жылдарға қарағанда біздің беделіміз әлдеқайда өсті. Тек қана мына Орталық Азиядағы бір лидерлік талас қана емес, жалпы дүниеде. Ол жаңағы Қытай басшысының Астанаға келуі, Путиннің сөйлеуі, Ердоғанның айтқаны, Байденнің қолдауы деген сияқты осының барлығы тұтас келеді да біздің елдің мүддесіне пайда әкеледі. 

Қазақстан – Еуразия құрлығындағы көп­жақты құрылымдардың негізін қа­лау­шы елдердің бірі. ТМД, Еуразия эко­номикалық одағы, Ұжымдық қа­уіп­сіздік туралы шарт ұйымы, Шан­хай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ын­тымақтастығы ұйымы және басқа да құрылымдардың жұмысын жан­дан­дыруға белсене атсалысып келеді. Таяуда ғана Түркітілдес мемлекет­тер­дің ынтымақтастық кеңесі қайта құ­ры­лып, толыққанды ұйымға айналды. Осылайша, түркі тілдес мемлекеттер ын­тымағының жаңа кезеңі басталды. Бұл туралы мемлекет басшысы Егемен Қазақстан газетіне берген сұхбатында айтты. 

Саясаттанушы Борис Поломарчуктің пікірінше, бүгінгі күні БРИКС туралы көптеп айтылып келеді. 

«Бірлестіктің әл-ауқаты мықты. Қазір бұл одаққа Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка сияқты елдер кіреді. Халық саны бойынша әлемнің үштен бір бөлігін қамтып отыр. Қазақстан осы одаққа мүше болуды қарастыруда. Себебі ұйымның болашағы жақсы. Дегенмен бірнеше қиындықтар бар. Ол географиялық тұрғыдан тиімсіз. Одаққа кіретін елдер әлемнің әр жерінде шоғырланған», — деді саясаттанушы. 

Брикс 2006 жылы құрылған. Құрамына 5 мемлекет кіреді. Бұл Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы. Оңтүстік Африка Республикасынан басқа құрамындағы 5 елдің төртеуі халық саны, жерінің ауданы және жалпы ішкі өнімі бойынша жаһандық ондыққа кіреді. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 32 проценті осы БРИКС елдерінің үлесіне тиесілі. Сарапшылар олардың тез дамып келе жатқанын ерекше атап отыр. Сондықтан бірлестік құрамына кіруге ниет білдіріп жатқандар көп. Жақында 23 мемлекет, оның ішінде Қазақстан да экономикалық блокқа қосылуға ниет білдірді. 1 қаңтардан бастап БРИКС-ке бес жаңа мүше – Мысыр, Иран, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Эфиопия кірді. 

«БРИКС-ке бес жаңа елдің қосылуы жалпы халқы 2,5 миллиардтан асатын және ЖІӨ 16 триллион доллардан асатын топтың экономикалық және саяси ықпалын айтарлықтай арттырады. Кеңейген БРИКС алдағы жылдарда жаһандық экономикалық және саяси динамикаға қалай әсер ететінін көру керек» деп жазады Dailynews.

Қазақстан БРИКС-ке мүше болмаса да, экономикалық тұрғыдан жақсы нәтижеге қол жеткізді. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ресейде өткен БРИКС-тің дамушы елдерімен диалогының сессиясында айтты.

«Өткен жылы БРИКС мүшелерімен біздің тауар айналымымыз екі есеге өсіп, 70 млрд АҚШ долларынан асты. Біз цифрлық технологиялар, маңызды пайдалы қазбалар, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, инвестициялық жобалар және басқа да салалардағы байланыстарды одан әрі кеңейтуге ниеттіміз», — деді ол. 

Шанхай ынтымақтастық ұйымы

Еліміз төрағалық ететін беделді ұйымның бірі – Шанхай ынтымақ­тастығы ұйымы (ШЫҰ). Бүгінгі таңда ол Азияның ең ықпалды ха­лықаралық ұйымы. 3,5 миллиард­тан астам адам тұратын ұйымға мү­ше тоғыз мемлекеттің мүмкіндігі әлемдік ЖІӨ-нің төрттен біріне және жаһандық сауданың 15%-на тең. 

Саясаттанушының айтуынша, бұл ұйымның потенциалы әлі толық ашылмаған. Сондықтан биыл Қазақстан барынша маңыздылығын көрсету кұқығына ие. Еліміздің төралығымен ұйым жаңа деңгейге өсуі мүмкін.

«Қазақстанның төрағалығы аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымында Экология жылы басталды. Менің ойымша, Қазақстан жақсы бастамаларды көтереді. Себебі экология тақырыбына су ресурстары мен Арал мәселелері кіреді. Бұл да өте кең әрі потенциалы мол ұйым. Құрамында Қытай және Үндістан сияқты алпауыт мемлекеттер бар. «Үш зұлымдықпен күрес» туралы айтып өткен жөн. Президент ұйым жұмысының мақсаты ретінде ерекше атап өткен еді. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бағытындағы ынтымақтастықты дамыту ісін тағы бір басымдық ретінде атады. Бұл сұрақтарды шешу арқылы біріккен кәсіпорындар мен жаңа логистикалық жолдардың құрылу мүмкіндігі жоғары», — деді Борис Поломарчук. 

ШЫҰ қазірдің өзінде әлем халқының жартысын құрайтын Еуразия континентінің он мемлекетін біріктіріп отыр. Әлемдік ЖІӨ-нің төрттен бірін және әлемдік сауданың 15 пайызын құрайды. 

 Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы

Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалық ету міндеті Қазақстанға өтетінін мәлімдеді. Президент ұйым аясында ұжымдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі нығайтуға еліміздің елеулі үлес қосуға дайын екенін айтып, Қазақстан төрағалығы кезінде ұйым қызметінде ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар басым бағытты ұсынды.

«Қаңтар оқиғасы кезінде бұл ұйымның жұмысымен қазақстандықтар жақсы таныс болды. Ұйымға мүше мемлекеттер күшін біріктіріп, көмекке келді. Билікті басып алудың алдын алды. Әрине, ұйым бірінші кезекте әскери мақсатты көздейтінін айта кету керек. Сондықтан Қазақстан биыл төрағалық ету аясында ортақ оқу-жаттығу сынды түрлі шараларды ұйымдастыра алады», — деді Борис Поломарчук. 

Әскери ынтымақтастық мәселелері бойынша қарым-қатынас та Ұйым қызметінің маңызды бағыты ретінде ұсынылды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бағытындағы ынтымақтастықты дамыту ісін тағы бір басымдық ретінде атады. Оның айтуынша, ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің терроризмге қарсы қызметіне жіті назар аударылады.

«Лаңкестік топтарға қосылуды жоспарлап жүрген азаматтарымыздың елден тысқары шығып кетуіне жол бермеу үшін бірлескен жұмысты жалғастырған жөн. Терроризмге және экстремизмге қатысы бар адамдарды іздеу, ұстау және экстрадициялау тетіктерін іске қосу маңызды. ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының комитеті жанындағы терроризм мен экстремизмге қарсы күрес мәселелерімен айналысатын сарапшылардың Жұмыс тобын жандандыруды ұсынамыз», – деді Мемлекет басшысы.

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы

Аталған ұйым осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанның бастамасымен құрылған. Бүгінде оған 35-тен астам мемлекет мүше және ол Ислам ынтымақтастығы ұйымы кеңістігінде азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға зор үлес қосып келеді.

Биыл ұйым төрағасы ретінде Қазақстан азық-түлік жүйесін, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және азық-түлік өнімдерін жеткізудің жаңа бағыттарын қалыптастыруға, инвестициялық ынтымақтастық және гуманитарлық бағдарламаларға ерекше назар аудара отырып, ұйым қызметінің негізгі бағыттары бойынша жұмысын жалғастырады.

«Қазақстан өзінің географиялық әлеуеті мен кең байтақ жерінің арқасында жаңа бағыттардың ашылуына, азық-түлікті түрлі аймақтарға жеткізу жұмысын жеңілдетуге ықпал жасай алатын күші бар. Инвестиция тарту мәселесі де көзделген. Қосып айтары жоқ, дегенмен Қазақстан бай мемлекет, шетелдерге ұсынары жеткілікті. Алайда теңіз бен мұхитқа шыға алмай отырмыз. Сондықтан осы ұйым арқылы отандық тауарымызды эскпорттау тетіктерін кеңейту мүмкіндігі бар», — деді саясаттанушы. 

Түркі мемлекеттері ұйымы

Былтыр Түркі мемлекеттері ұйымының басшылары Астанаға оныншы саммитке жиналды. Алғашында жұмысын Кеңес ретінде бастаған ұйым соңғы жылдары қызметін жандандырды. Бүгінде қарқынды дамып келе жатқан беделді халықаралық ұйым деуге де негіз бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ саммитінде Қазақстанның төрағалық ұранын айтты. «Түркі бірлігін насихаттау мақсатында төрағалығымыз «Түркі дәуірі!» немесе «Turktime!» ұранымен өтеді», – деді Президент.

«Түркі ұйымы Қазақстан үшін маңызды. Жоғарыда айтып өткендей, бұл жерде де өзекті мәселелер шешіледі. Білім, ғылым, энергия сынды тақырыптар қозғалады. Одан бөлек, есірткі саудасының жолын кесу, халықаралық терроризм, заңсыз шекараны өту, қару-жарақ саудасы сынды сұрақтар да бар. Жанымызда Ауғаныстан сияқты елдерде соғыс болып жатқанда, бірігіп шешетін сұрақтар көп. 

Түркі мемлекеттері ұйымы туралы айтқанда былтыр құрылған инвестициялық қорға тоқталудың маңызы зор. Себебі ұйымға мүше мемлекеттер қордың болашағына сенеді», — деді саясаттанушы. 

Түркі инвестициялық қорының президенті Бағдат Әміреевтің айтуынша, алдағы жылдары қордың қаржысы бірнеше миллиард долларға жетуі мүмкін. Қордың қаржысы негізінен ортақ жобаларға, оның ішінде ірі жобалармен қатар, шағын және орта бизнес субъектілерін де қамтиды. Сондай-ақ, қорды құру өңірішілік сауданы дамытуға, шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыруға, көліктік және логистикалық тізбектерді, қойма және өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтуді қолдауға, цифрлық инфрақұрылымды құруға және жаңғыртуға, өнеркәсіп өндірісін, инфрақұрылымды, көлік, ауыл шаруашылығын қоса алғанда, өзара қызығушылық тудыратын салаларда даму жобаларын қолдауға жәрдемдесетін болады, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, жасыл экономика, туризмге де бағытталады.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес

Қазақстан — биыл Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) де төраға. Астанада өткен Саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2022-2024 жылдары Ұйымға төрағалығы кезеңіне арналған басымдықтарды айқындап берді. 

«Білуімше, бұл ұйымға Палестина мен Израильдің де қатысы бар. Одан бөлек 30-ға жуық мемлекет кіреді. Кеңес Еуразия құрлығында қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, Азия елдері арасында достық, ынтымақтастық пен өзара тиімді қатынастар құруды мақсат етеді. Әсіресе әлемдегі геосаяси ахуал күрделі кезеңде мемлекеттер арасындағы байланысты арттырудың маңызы арта түсті. Алыптар арасындағы сауда соғысы, санкцияның салқыны оған көрші елдерді айналып өтпейтіні белгілі. Сондықтан күн тәртібінде шешілмеген сұрақтар көп. Бірінші кезекте, елдер арасындағы қақтығыстарды жойып, бірлікке шақыру», — деді саясаттанушы. 

Құрылған сәттен бастап Азия Кеңесінің құрамы 27 мүше мемлекетке дейін ұлғайып, Азия құрлығының 90% қамтыды. Еске салайық, Азия Кеңесін құру туралы бастаманы 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында Қазақстан көтерген. 

Аралды құтқару қоры

Бұл қордың құрылғанына былтыр 30 жыл толды. Дегенмен осы уақытқа дейін ауыз толтырып айтатындай жұмыстар атқарылмады дейді саясаттанушы. Арал мәселесі катасторфалық жағдайға жетті. 

«Мемлекет басшысы соңғы жолдауында еліміз су тапшылығымен бетпе-бет келуі мүмкін екенін айтты. Жақында жаңа су министрлігі құрылды. Менің ойымша, министрлік осы ұйыммен тығыз жұмыс істейтін болады. Бұл жерде тек Аралды құтқару сұрағы ғана емес, жалпы суды тиімді пайдалану мәселелері де көтерілетін болады. Себебі Қазақстан трансшекаралық суға тәуелді. Сондықтан бұл мәселені димпоматиялық түрде шешіп, еліміз суды қажетті мөлшерде алуына ықпал жасалады деп ойлаймын», — деді саясаттанушы Борис Поломарчук. 

Айта кетейік, Қазақстан Қытай, Өзбекстан, Ресей және Қырғызстаннан су алады. Трансшекаралық суларға Қызылорда және Түркістан облыстары 90%-ға, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары 80%-ға, Жамбыл облысы 75%-ға тәуелді. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2030 жылға қарай су тұтыну көлемі ұлғайып, ресурстар азаяды. Ал 2040 жылға қарай Орталық Азияның кейбір елдерінде су тапшылығы 2,8% өседі. 

Ұлы дала дүбірі 

Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлін қорытындылай келе, биыл күзде өтетін көшпенділер ойынын да атап өтуге болады. Ұлы дала сал­тын ұлықтаған ел ретінде де бұл дода Қазақстанның мәрте­­бесін асқақтатар айтулы оқиға­ның бірі болғалы тұр дейді саясаттанушы. Көшпен­ділер ойыны бауырлас түркі ха­лықтарының мә­дени-гумани­­­тарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды. 

ҰЛЫ ДАЛА ДҮБІРІ деп аталатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтеді. Бесінші көшпенділер ойынында ең үздік спорт алаңдарында 21 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрінен жарыстар өткізіледі. Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жектен жарыстар, дәстүрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түрлері, ат үстіндегі сайыстар, халық ойындары, сондай-ақ этникалық спорт түрлерінен көрсетілім қойылымдары бар. Бір аптаға созылатын дүбірлі додаға 100-ге жуық мемлекеттен 4000-ға тарта сайыскер келеді деп жоспарланған. 

«Осы күзде Қазақстан мен Астана әлем жұртшылығының назарына ілінетіні сөзсіз. Ең алдымен, бұл Қазақстанның мәдениетін көрсететін ойын. Қазақстан аумағында таралған көшпенділердің, яғни қазақтардың шынайы дәстүрін әлемге паш ететін шара. Жаһандану дәуірінде кейбір ұлт өкілдері мәдениеті мен мұрағатын ғана емес, өздерін де ұмытып кету қаупін ескеретін болсақ, біздің ел үшін бұл ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалудың, әрі қарай дамытудың таптырмас құралы. Қазақстанның сыртқы саясаты қарқынды дамып келеді. Бізге сеніп артып, халықаралық ұйымдарды басқару мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл дегеніміз мемлекетіміз осы уақыт ішінде өзін жауапкершілігі мол әрі бейбітшілікті арқау ететін позицияда көрсете алды», — деп түйіндеді саясаттанушы.