Қазақстан шетелдік банктерден тағы да қарыз алуға мәжбүр - kaz.caravan.kz
  • $ 492.17
  • 522.39
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
14 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан шетелдік банктерден тағы да қарыз алуға мәжбүр

Қазақстан шетелдік банктерден тағы да қарыз алуға мәжбүр

Қазақстан шетелдік банктерден тағы да қарыз алады.

  • 31 Қазан
  • 8
Фото: ЖИ ұсынған

Қазақстанның мемлекеттік қарызы жаға ұстатты. Ұлттық экономика министрі биыл бюджет тапшылығы 4 трлн теңге болғанын жеткізді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Атамекен бизнес телеарнасының мәліметінше, Мәжілісте алдағы 3 жылға арналған бюджет жоспары қаралған. Оны әзірлеу кезінде Бектенов қолда бар қаражатты барынша үнемдеуге тырысқандарын айтты. Тапшылық кесірінен Президенттің тапсырмалары орындалмай қалмай ма? Енді үкімет жоқтың орнын қалай жабамыз деп отыр? Келесі жылға қажетімізді жамау үшін үкімет 25,8 трлн жоспарлап отыр.

«Біздің қолымызда бар қаражат 15 трлн-ақ теңге. Ал бізге 32 трлн теңгеге өтінімдер түсті. Енді осы қаражат шеңберінде барлық жұмыстарды атқаратын боламыз», — деп айтты Олжас Бектенов.

Үкімет алдағы жылдары тағы да Ұлттық қорға қол салмақ. Бұған дейін бірнеше рет айта да, уәделерінде тұра алмай келеді. Алдағы үш жылда сол қордан алынатын кепілдендірілген трансфер көлемі — 6 трлн теңге. Алайда атқарушы билік осымен тоқтамайтын сыңайлы.

«Мақсатты трансферт деген бар. Ол Мемлекет басшысының шешімімен елдегі маңызды стратегиялық, инфраструктуралық, әлеуметтік жобаларға жұмсалатын ақша. Оны біз әлі алдыңғы жылдарға жоспарлап отырған жоқпыз», — дейді ҚР Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Қаржы министрлігінің мемлекеттік борыш пен пайыздық төлемдер туралы дерегінде, Үкімет 2024 жылдың 9 айында ішкі нарыққа мемлекеттік бағалы қағаз шығару арқылы 4 трлн 996,6 млрд теңге қарыз тартқан. Ал 9 айда сырттан тартылған қарыз көлемі – 90,7 млрд теңге.

Жалпы мемлекеттік борыштың көлемі 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 30 трлн 504,8 млрд теңге болған. Бұл жалпы ішкі өнімінің 22,6 пайызына тең деген сөз. (1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 134 трлн 952,9 млрд теңге болып белгіленген).

Мемлекеттік борыштың 94,4 пайызын үкіметтік борыш құрап отыр – 28 трлн 784,7 млрд теңге. Үкіметке тиесілі қарыздың ішкі борышы – 21 трлн 567,6 млрд теңге (75%) болса, сыртқы борышы – 7 трлн 217 млрд теңге (25%). Ал Ұлттық банктің ішкі нарықтан тартқан борышы 500 млрд теңге болған.

Жергілікті әкімдіктердің мойнындағы қарыз көлемі 1 трлн 220,1 млрд теңгеге жеткен. Үкімет борышының қысқа мерзімде өтеуге жататыны – 848 млрд теңге, орташа мерзімдісі – 3 трлн 209,7 млрд теңге, ұзақ мерзімдісі – 24 трлн 726,9 млрд теңге.

Жыл басынан бері Үкімет борышына қызмет көрсету шығыны 1 959,3 млрд теңге болған.