Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
2025 жылы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату (электр энергиясын өндіре отырып, қалдықтарды термиялық өңдеу) зауыттарын салу бойынша Инвестициялар туралы келісімдер жасалды. Тікелей келіссөздер шеңберінде аталған жобалар үшін электр энергиясына тариф 1 кВт/сағ үшін 55 теңге мөлшерінде белгіленді.
Аталған тетікті енгізудің мақсаты — қалдықтарды кәдеге жарату және қайта өңдеу үлесін арттыру, полигондарға көмілетін қалдықтар көлемін қысқарту, қалдықтарды басқару саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру, сондай-ақ қалдықтардың қоршаған ортаға теріс әсерін азайту.
Қазір қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобалары Еуропаның көптеген елінде, сондай-ақ Корея, Қытай Халық Республикасында, Жапонияда және басқа да мемлекеттерде табысты іске асырылып келеді және қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі саналады.
Қазақстан Республикасында іске асырылатын жобалар ең озық қолжетімді технологияларды қолдануды көздейді және Еуропалық Одақтың өнеркәсіптік шығарындылар жөніндегі директивасының талаптарына сәйкес келеді. Бұл атмосфералық ауаға ластаушы заттар шығарындыларын барынша азайтуды және қатаң экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.
— Қазір Экология және табиғи ресурстар министрлігі облыс орталықтарында осындай жобаларды іске асыру мақсатында әлеуетті инвесторлармен тікелей келіссөздер жүргізу және ұқсас шарттармен Инвестициялар туралы келісімдер жасасу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Министрлік Қазақстан аумағында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобаларын іске асыруға ниетті әрі дайын мүдделі инвесторлармен өзара іс-қимыл жасауға және ұсынылатын бастамаларды жан-жақты пысықтауға дайын екенін білдіреді, — делінген хабарламада.
Өз кезегінде инвестициялар туралы келісімдерді жасасу тәртібі ҚР Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 17 наурыздағы № 11-1-4/113 бұйрығымен реттеледі.