Қазақстандықтар күніне 30 мың литр энергетикалық сусын ішеді - kaz.caravan.kz
  • $ 478.58
  • 520.84
+17 °C
Алматы
2024 Жыл
21 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандықтар күніне 30 мың литр энергетикалық сусын ішеді

Қазақстандықтар күніне 30 мың литр энергетикалық сусын ішеді

Енді билік зиянды сусынға шектеу қоятын заң қабылдады.

  • 11 Шiлде
  • 5
Фото: ашық дереккөз

Енді 21 жасқа толмағандарға энергетик сатылмайды. Президент заңға қол қойды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Осымен мәселе шешіледі ме? Тарқатып көрейік.

Энергетикалық сусындардың құрамында адам ағзасына өте қауіпті химикаттар бар. Салдары жүрек айну, қайталанатын талма ауруларына тіпті адам өліміне дейін әкеліп соғады. Олардың құрамында 10-15 шақты қоспа болады. Олар – глюкоза, матеин, мелатонин, кофеин, женьшень. 10-15 минутта сергіп, күшіңіз артады. Алайда, қоспалар асқазан, өт жолдарына зиян. 

Дегенмен дүкен сөрелерінде аталмыш сусынның түрлері көп. Тіпті құжат тексеріп сатып жатқандар аз. Жіті бақылаудың жоқтығынан тұрғындар күніне 30 мың литр энергетикалық сусын ішеді. Жастардың ұйқыны шайдай ашып, сергектік сыйлайтын өнімге құмартуы бекер емес. Дәмі ерекше, ішсең энергия сыйлайды. Бағасы да қолжетімді. Дүкен сөрелерінде 300-600 теңгеден самсап тұр. Өкініштісі, құрамын қарап, зерделеп жатқан ешкім жоқ. 

Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Еркебұлан Балғабеков энергетикалық сусындардың химиялық құрамына тәжірибе жасаған. Ол сусынға сапалық анализ жасау арқылы pH табу кезінде аталған сусындардың қышқылы жоғары екенін анықтады. Ал қышқыл сусын тұтыну салдарынан сүйек, сіңір зардап шегеді, сонымен қатар ағзаның қартаю процесі жеделдейді. Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерді қуаттығыш сусындарды мүлдем тұтынбауға, ал, 18 жасқа толған адамдарды энергетикалық сусынды тәулігіне 0,3 литрден асырмай ішуге шақырды.

Энергетикалық сусынға құмар адамдар күніне қанша ішіп жатқанына мән бермейді. Зиянынан бұрын, өлімге әкелетінін айтып мамандар дабыл қақса да, жастар мен студенттер құлаққа ілмей жүр. Мысалы былтыр Мәскеуде 39 жасар жігіт ауруханада қайтыс болды. Белгілі болғандай, Дмитрий қайтыс болғанға дейін 15 энергетикалық сусын ішкен. Осыдан кейін ер адамның қызуы көтеріліп, жағдайы нашарлаған.

Алғашқы коммерциялық энергетикалық сусындар 1960 жылдары Жапония мен Оңтүстік Кореяда нарыққа шықты. Әлемде танымал болған тұңғыш энергетикалық сусындардың бірі – жапондық компаниясы өндірген Lipovitan-D. Оның құрамында физикалық және психикалық белсенділікті арттыратын компонент амин қышқылы – таурин болды.

1980 жылдары энергетикалық сусындар АҚШ пен Ұлыбританияда танымалдыққа ие бола бастады. Бүгінде әлемнің кез келген бұрышындағы дүкен сөрелерінде бұл сусын түрлері самсап  тұр.

Бірқатар елде энергетикалық сусындарды сатумен және тұтынумен байланысты шектеулер де бар. Мысалы, Америкалық педиатрия академиясы балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды мүлдем ішпеуге кеңес береді. Себебі бұл сусын түрлерінің қауіпсіздігі мен тиімділігі осы жас тобында анықталмаған.

Сондай-ақ Францияда, Данияда, Австрияда, Түркияда, Норвегияда, Уругвайда және Исландияда, сондай-ақ АҚШ-тың кейбір штаттарында тыйым салынған, ал кейбірінде оны тек дәріханалардан сатып алуға болады. 2014 жылдан бастап еуропалық ережелер кофеині жоғары барлық энергетикалық сусындарды балаларға, жүкті және бала емізетін әйелдерге тұтынуға ұсынылмайтыны туралы ескертуді талап етеді.

Көптеген энергетикалық сусындардың құрамы ұқсас — су, қант, кофеин, минералдар, дәрумендер және L-карнитин, таурин және адамтамыр сияқты стимуляторлар. Денсаулыққа қауіп негізінен қант пен кофеиннің көп мөлшерінен төнеді. Кейбір энергетиктердің бір порциясында 100 мг-ға дейін кофеин бар, бұл әдеттегі кофеден (12 мг) 8 есе көп. Ересектер үшін күніне 400 мг-нан аспайтын кофеин ұсынылады.

2022 жылы жүргізілген соңғы зерттеулердің бірі энергетикалық сусындарды үнемі тұтынатын жасөспірімдерде мазасыздық пен депрессияның даму қаупі жоғары екенін көрсеткен. Себебі кофеин және басқа стимуляторлар ұйқының сапасын нашарлатып, мидың химиялық тепе-теңдігінде өзгерістер тудыруы мүмкін.

Былтыр қоғам белсенділері 18 жасқа дейін сатуға тыйым салуды ұсынған. Биыл заң нақты қабылданды. Енді 21 жастан бастап сатып алуға заң бойынша рұқсат. Бұл заң мәселені шешеді ме, жоқ па ол уақыт еншісінде.