Жарияланды: 440

ХҚО мәселесі келісім комиссиясында талқыланатын болады

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халыққа қызмет көрсету орталықтарының мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша келісім комиссиясын құру мәселесін қарады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс қос палата арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру үшін келісім комиссиясын құруды ұсынған болатын. Заң жобасының негізгі мақсаты - Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін ұйымдастыру жөніндегі функцияларды жергілікті атқарушы органдардың құзыретінен алып Байланыс және ақпарат министрлігіне беру болып табылады. Заң жобасы, сондай-ақ ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға ХҚО-лардың қызметін әдіснамалық қамтамасыз ету, олардың жұмыс істеуін бақылау және мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру өкілеттіктерін береді. Тоқтала кететін жайт, 2005-2009 жылдар аралығында ХҚО Әділет министрлігінің құзырында болып, 2010 жылы жергілікті атқарушы органдардың қарамағына берілді. Қазіргі таңда осы орталықтардың қызметін жақсарту үшін қажетті нормативтік база қалыптасты. Әділет министрлігі қысқа мерзімде орталықтардың жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастыра алды. Бірақ, оларды жергілікті атқарушы органдардың қарамағына беру халыққа қызмет көрсетудің сапасына кері әсерін тигізді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы қызмет көрсету орталықтарының функцияларын Байланыс және ақпарат министрлігіне беруді тапсырған болатын. Заң жобасымен «бір терезе қағидаты», «халыққа қызмет көрсету орталығы», «әлеуметтік маңызы бар қызмет көрсету» деген ұғымдар ашып көрсетілді. Құжат бойынша ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның куәландырушы орталықты аккредиттеу туралы куәлікті берудің, сондай-ақ оның қолданысын тоқтата тұрудың, қайта жаңартудың, тоқтатудың тәртібін регламенттейтін толықтыру енгізілген болатын. Сенаторлар дәл осы толықтыруды алып тастауды ұсынған еді. Бұл ретте сенаторлар рұқсат ету құжаты ретіндегі аккредиттеу туралы куәліктен айыруды тек сот қана жүргізе алады деген уәжді алға тартқан. Алайда, Мәжіліс депутаттары бұл мәселеде өз ұстанымдарында қалатын болып, келісім комиссиясын құруды ұйғарды. Енді комиссия құрамына Сенат депутаттары сайланып отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін