«Көк-Жайлау» курортының құрылысы бойынша қоғамдық тыңдаулардың өтетін күні белгілі болды - kaz.caravan.kz
  • $ 469.52
  • 553.75
+16 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Көк-Жайлау» курортының құрылысы бойынша қоғамдық тыңдаулардың өтетін күні белгілі болды

«Көк-Жайлау» курортының құрылысы бойынша қоғамдық тыңдаулардың өтетін күні белгілі болды

Айта кетейік, аталмыш жоба төңірегіндегі пікірталастар көп жылдан бері жалғасып келеді. Сарапшылар мен экологтар табиғи экожүйеге келетін қауіптерді алға тартып, бастамаға бірнеше рет қарсы шыққан. Тұрғындар да өз наразылығын білдірген.

  • 20 Сәуiр
  • 24
Фото - Caravan.kz

Алматы маңындағы Көк-Жайлау шатқалында жоспарланған тау-шаңғы курорты жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өтеді. Оны Kazakh Tourism Development Ltd. компаниясы ұйымдастырмақ. Тыңдауларда курорт құрылысының қоршаған ортаға ықтимал әсері жөніндегі есеп талқыланады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталының тілшісі.

Жоба аясында Almaty SuperSki тау курортын салу көзделген. Ол Көк-Жайлау шатқалы мен Күмбел шыңын қамтып, жалпы ұзындығы 65 шақырымнан асатын шаңғы трассаларын біріктіреді. Курорттың аумағы шамамен 2865 гектарды құрайды, оның бір бөлігі Іле-Алатау ұлттық паркі аумағына кіреді. Күніне 15 мың адам қабылдауға қауқарлы болмақ.

Айта кетейік, аталмыш жоба төңірегіндегі пікірталастар көп жылдан бері жалғасып келеді. Сарапшылар мен экологтар табиғи экожүйеге келетін қауіптерді алға тартып, бастамаға бірнеше рет қарсы шыққан. Тұрғындар да өз наразылығын білдіріп, петицияға қол қойған.

2019 жылы жобаға Мемлекет басшысының өзі араласып, оның жүзеге асырылуы тоқтатылған еді. Қазір мәселе жаңа талқылау деңгейіне өтті.

Vlast.kz мәліметінше, жоба 2025 жылдың мамыр айында Премьер-Министр Олжас Бектеновке жабық форматта таныстырылған. Ал жаңартылған жоспар 2025 жылдың қыркүйегінде бекітілген.

Қазіргі жоба алдыңғы нұсқаларынан ауқымы жағынан ерекшеленеді. Мұнда жыл бойы жұмыс істейтін ірі туристік кластер құру жоспарланып отыр.

Егер Алматының болашағы сіз үшін маңызды болса, жоба туралы толық ақпарат алып, қоғамдық тыңдауларда өз пікіріңізді білдіре аласыз.

Өтетін орны: Алматы қаласы, Оқушылар сарайы

Күні мен уақыты: 26 мамыр, сағат 09:00

Оқи отырыңыз: «Көк-Жайлау» курортының құрылысына қызу дайындық басталып кетті: Жоба туралы не белгілі?