Жарияланды: 370

Көкшетауда 5 бірдей соғыс ардагері баспана алмай жүр

Көкшетауда 5 бірдей соғыс ардагері баспана алмай жүр

Көкшетауда 5 бірдей соғыс ардагері баспанаға ала алмай жүр. Мамыр айында жеңістің 70 жылдығына орай жергілікті әкімдік қарияларға пәтер берілетіні туралы сертификат табыстаған. Оған сәйкес, майдангерлер баспаналарына 1-ші шілдеден кешікпей қоныстанулары тиіс еді. Алайда мерекеден кейін әкімдіктегілер сол күйі төбе көрсетпепті.

Алдағы қазанда 90 жасқа толатын қарт жауынгер Лұқпан Усиннің «2 бөлмелі пәтер беріледі» деген сертификатқа қарап отырғанына осымен төртінші ай. Кемсеңдеп жылаған ардагер енді сол баспананы көре алмай қалам ба деп қорқады. Соңғы кезде жүрегі сыр берген қарт мына диванда ержеткен екі немересімен бірге ұйықтайды екен.

Лұқпан Усин, соғыс ардагері:

- Осылай істеуге болмайды, до сих пор бермейт.

Лұқпан ата 17 жасында майданға аттанған. Содан Берлинге дейін жетіпті. Кейін ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, «Құрмет» орденін кеудесіне таққан. Ал майдангер Анна Хохлова оқ-дәрі жасайтын зауытта жұмыс істеп, ерлермен қатар ел қорғаған. 3 жылдан бері төсекке таңылған мүгедек ардагердің қолына да шенеуніктер 9 –шы мамыр күні осындай сертификат әкеп тапсырған. Қазір 3 отбасы тұрып жатқан 2 бөлмелі пәтер немересінікі.

Ирина Мутасова, соғыс ардагерінің немересі:

- Шенеуніктер үй дайын емес дейді. Онда қарт адамдарды несіне үміттендіріп қойған. Уақыты келгенде беруі керек еді десем, ондағылар ардагерді 9 мамырда қуанытқымыз келді дейді. Солай істеуге бола ма екен?

Қала сыртындағы Чайкино ауылында тұратын, жасы 90-нан асқан соғыс ардагері Николай Иванов та жер үйден ыңғайлы пәтерге көшсем деп армандайды. Қарттық келгелі дәретке шығуы да, жуынуы да қиындаған. Ол да 9 мамырдан бері басшылардың уәдесіне сеніп, елеңдеп отыр. Шенеуніктер болса, байқамай асығыстық жасадық дейді.

Наталья Бургомистренко, Көкшетау қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы мекемесінің бөлім басшысы:

- Бұл үйдің құрылысы өткен желтоқсанда тапсырылуы керек болатын. Бірақ олай болмай қалды.Құрылыс бөлімі тапсырамыз дегенге сеніп қалдық. Сөйтіп, асығыстық жасадық. Ардагерлер пәтер алатынна сенімді болсын дедік.

Ал құрылыс бөліміндегілер «қала сыртында салынып жатқан  жаңа ықшамаудандағы үйдің құрылысы енді аяқталды. Астаналық мердігер компания құрылысты кешіктіріп, бізді ұятқа қалдырды» деп отыр. Қазір құжаттары реттеліп жатқан көрінеді. Шенеуніктердің сөзіне сенсек, ардагерлер қыркүйектің соңына дейін жаңа баспаналарына қоныстануы тиіс. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін