КТК арнасы жаңа форматты тойға шақырады
![]() |
|

Той - мәдениетіміздің бір бөлшегі. Бұған жаңа маусымның эфирінде көз жеткіземіз.

Жаңа маусымда нағыз тойдың шынайы оқиғаларына куә боласыздар. Түсірілім алаңынан той болатын мейрамханаларға өтеміз.

«ТОЙ BEST STAR» жаңа маусымда Өнер қырандарымен!
Нағыз қазақ тойын насихаттайтын, бүгінгі тойдың шынайы бейнесін көрсететін «Той BestStar» бағдарламасы екі жылдан аса уақытта көрермен көзайымына айналды.
Жүргізушілер Жанар Айжанова мен Айгүл Иманбаева той иелері ретінде өз рөлдерін жоғарғы деңгейде сомдай білді.

Елімізге танымал өнер майталмандарымен сырласып, қонақтар еркін сезінсін деп қызық ойындарға да қатыстырды.

Олардың диалогы арқылы қазақ салт-дәстүрі, қазақ дастарханы, тұлғалары жайлы және елімізде болып жатқан соңғы жаңалықтар айтылды.

Қанша жыл сахнада жүрген тәжірибесі мол Жанар Айжанова сөзге шешен, ақыл тоқтатқан жастағы бәйбіше болса, Айгүл ханым заман талабына сай өзгеріп отыратын, еркелігі басым құдаша бейнесін сомдады.

"Өсек" айтқан болып көп шындықтың басын ашқан Айгүл мен Жанар екі жылдың ішінде мақтаумен бірге сынға да ұшырады.

Ерекше мамандардың идеясынан туған образ, киім, шаш үлгілері көрермен үшін ерсі көрінді. Бұл аманауи тойымыздың келбеті болатын.

«Қазақтың тойы бітпесін» демекші, «Той BestStar» арқылы тойды қалай ұйымдастыру, қандай әншіні, асабаны шақырып, қалай билеу керектігін білдік.

Екі жылдың ішінде Айгүл мен Жанар 50 тойды жүргізіп, 100-дан аса қонақ шақырып, 300-дей әншіні «өсектеп», 50 асабамен жұмыс істеді.

Ұйымдастырушылардың шешімі бойынша «Той BestStar» жаңа форматқа ауысты.

Жаңа маусым ойын-сауықтық, әзіл-шоу болмақ. Телехикая стиліндегі жаңа маусымның жүргізушілері елге танымал “Өнер қырандары” әзіл-сықақ театры актерлері.

«Өнер қырандары» театрын 2005 жылы Т.Жүргенев атындағы Өнер академиясының студенттері құрған.

Сырымбет Бибосынов, Жанболат Найзабеков, Құдірет Тоқаев, танымал өнер шеберлері – Манап Байсеркенов пен Дариға Тұранқұлқызының шәкірттері болса, Мадияр Серікбаев, Дана Тұрарбек, Әнуар Шымырқұлов, Мэлс Жақыпберді – белгілі өнер иесі Серік Мақұлбековтің сыныбын бітірген.

Театр қызықты әзіл-сықақтарымен қатар, пародия жанрындағы қойылымдарымен де ерекшеленіп жүр. Театр ұжымы осыған дейін «Ялла», «Дос-Мұқасан», Әлішер Кәрімов, Ескендір Хасанғалиев, Заттыбек Көпбосынов және өзге де жұлдыздарға пародия жасап үлгерді.

Театр жетекшісі Мадияр Серікбаев: «Өнер қырандары» театрын ұстап тұрған – ұжымның бірлігі. Бұл жерде бос жүрген ешкім жоқ. Әркімнің еңбегі бар. Әр күніміздің өзі бір концерт. 20 минуттық қойылымдағы әр сөзімізді құбылтып, өтімді етіп шығаруға тырысамыз.

Үш минуттық сөзіміздің өзін кейде үш-төрт күн жүріп жазамыз. Сөз байлығымызды үнемі толықтырып отырамыз. Театрдың актерлары әмбебап. Біреуі актер шеберлігін, бірі қуыршақ театрын игерген. Біріміз әннен, біріміз биден жақсымыз. Пародия көрер көзге оңай жанр сияқты.

Қарапайым шалдың, баланың, кемпірдің кейпіне түсе қалу қиын емес. Ал елге белгілі тұлғаға пародия жасап дәлме-дәл қайталау өте қиын», - дейді.

Тойдың бас кейіпкерлері - мейрамхананың қызметкерлері мен той иелері.

«Той BestStar» жаңа маусымы комедиялық қызық оқиғалар мен шоудан құралған. Әр сенбі сайын сағат 19.35-те КТК телеарнасында бізбен бірге тойға қатысыңыздар!

Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін