16 мамырға қараған түні Атырау облысы Құлсары қаласында үйлері тасқыннан бұзылған тұрғындар әкімдік алдында қонып шықты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл жөнінде Азаттықтың Атыраудағы тілшісі хабарлады.
Олар ғимарат ішінде де ұйықтаған. Далада үш шатыр біріктіріліп тігілген.
“Кеше полиция басқа шатыр қойғызбады” дейді тұрғындар. Тасқынның салдарынан баспанасы бұзылған тұрғындар үйлерінің әрбір шаршы метрі 400 мың теңгеден есептелгенін қалайды.
Алайда әкімдік өкілдері 200-240 мың теңгеден есептеледі деп айтқан. Тұрғындар мұнымен келіспейді.
“Ақша керек бізге. Ақшасын қолымызға берсін. Ақша берсе, біз келген жерден саламыз ба, сатып
аламыз ба, аламыз. Болды” деді тұрғындардың бірі.
Бұған дейін ақша тек үйлері жөнделетін адамдарға ғана берілетінін, ал үйлері жарамсыз танылған
азаматтардың ақшасы құрылыс компаниясына аударылатынын айтқан. Алайда тұрғындар құрылыс компанияларының үйлерді сапалы салатынына сенбейді.
Түнде Атырау облысы мәслихатының төрағасы Мұса Хайруллиев Жылыой әкімдігінің алдында
тұрған Құлсары тұрғындарының алдына шығып, халықтың талабы бойынша жауапты талқылауға бір сағат уақыт беруді сұрады.
Хайруллиев “бір шаршы метрге 400 мың теңге болмайды” деді. Жұрт оған келіспейтінін айтты.