Жарияланды: 2100

Мамандар еліміздегі жасөспірімдер арасында мінез-құлық ауытқуларының белең алуына алаңдаушылық білдіреді

Мамандар еліміздегі жасөспірімдер мен балалар арасында психикалық және мінез-құлық ауытқуларының белең алуына алаңдаушылық білдіреді. Бұл туралы бүгін, 18-тамызда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ортаға салынды.

Баспасөз мәслихатына салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі Ұлттық орталықтың өкілдері, білім беру департаментінің өкілдері, психологтар мен мұғалімдер қатысты. Ресми мәліметтерге жүгінсек, еліміз бойынша соңғы үш жылда балалар арасындағы аурушаңдық деңгейі 8 процентке өскен. Жүйке жүйесінің аурулары 2,3 процентке артты. Қазіргі таңда елімізде 15 жасқа дейінгі әрбір 14-ші бала, яғни, 300 мыңға жуық жасөспірім жүйке жүйесіндегі және психикалық қандай да бір ауытқушылыққа душар болған. Жыл сайын елімізде 11 мыңға жуық баланың психикалық және мінез-құлық ауытқушылығына душар болғаны алғаш рет анықталады. Психикалық қоздырғыш заттарды тұтыну салдарынан балалардың алғашқы ауытқушылыққа ұшырау оқиғасы 2000-жылғы мәліметпен салыстырғанда, 2003-жылы 3 есе өскен. Сондай-ақ, ішімдікке әуестену салдарынан психикалық және мінез-құлық ауытқушылығына ұшыраған балалар саны да күн санап өсіп келеді. 2000-жылы осындай 224 бала тіркелсе, 2002-жылы 756 бала тіркелді. Бұл көрсеткіштің үштен бір бөлігі Алматы қаласының үлесінде. Сонымен қатар соңғы үш жылда психикалық қоздырғыш заттарды тұтыну салдарынан ауытқушылыққа үшыраған жасөспірімдер саны да арта түсті (51,5 процент) . Жасөспірімдер арасындағы психикалық және мінез-құлық ауытқушылығына алғаш рет ұшырау көріністері де 37 процентке өсті. Сонымен бірге, мамандардың айтуынша, балалар мен жасөспірімдер арасында өз өмірін өзі қию көрінісі де ұлғая түсті. Ұл балалар арасындағы мұндай көрсеткіш әрбір 100 тұрғынға шаққанда 10,4 болса (1999-жылы 9,6), қыз балалар арасында 100 мың тұрғынға шаққанда 3,7 (1999-жылы 2,7) болды. Жасөспірімдер арасындағы өзін-өзі өлтіруге басты себеп - психикалық қоздырғыш заттарды тұтыну салдарынан психикалық және мінез-құлық ауытқушылығына байланысты деп танылуда. Мәселенің өзектілігіне байланысты Салауатты өмір алтын қалыптастыру жөніндегі ұлттық орталығының қызметкерлері Алматы қалалық білім беру департаментімен бірлесе отырып "Балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығының қалыптасу барысындағы мектептегі психологияның ролі" атты бағдарлама жасады. Бұл бағдарлама Алматы мектептерінде сынақтан өткізіледі. Қалалақ әкімшіліктің бұйрығымен 2003-жылдың қыркүйек айынан бастап мектептерде психологтар мен әлеуметтік педагогтар лауазымы енгізілмекші. Ал 2004-2005-жылдан бастап бұл бағдарлама еліміздің басқа да аймақтарында жүзеге асырыла бастайды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть