«Маңғыстау гидрометеорология орталығы» МКД мәліметінше, 19 маусымда Маңғыстау облысының Ақтау қаласы, Құрық және Шетпе ауылдарында 2-3 сағатқа созылған нөсер жауды.
Ұзаққа созылған жаңбырдан Құрық ауылында республикалық маңызы бар «Ақтау-Құрық» тас жолының 69-70 шақырымындағы 100 метрге жуық бөлігін су шайып кетті. Апаттан қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге аудандық шұғыл әрекет ету отрядының инженерлік тобының 8 арнаулы техникасы мен 25 адамы жұмылдырылды. Автотрассадағы қозғалыс 16 сағат 30 минутта қалпына келтірілді.
Сонымен бірге, Құрық ауылында 2 қабатты 16 пәтерлі тұрғын үйдің жертөлесін су алды. Суды сорғызып алуға «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 3 бірлік насосы пайдаланылуда.
Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, сағат 14.00 шамасында Шетпе ауылының маңында Маңғыстау ауданындағы «Ақмыс» демалыс базасында Жетібай ауылындағы №4 мектептің психолог-мұғалімі тасқын суына батып кетті. Ол әлгі жерде осы мектептің 15 оқушысымен бірге маевкада жүрген. Оқушылар үйлеріне қайтарылды.
Маңғыстау ауданында 15 сағат 15 минутта 14 және 15-ші темәржол разъездері арасында №7 пикетте №2102 тауарлық пойыздың 6 вагоны шойын жолдан шығып кетті. Апаттан қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін Маңғышлақ және Бейнеу темір жол бекеттерінен 158 адам мен 5 арнаулы техникадан құралған қалпына келтіруші бригада мен апаттан қалыпына келтіруші пойыз жіберілді. Пойыздардың қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті