Жарияланды: 760

Маңғыстау тұрғынына қойылған "обаның бездік түрі" деген диагноз зертханалық тексеру арқылы дәлелденді - Республикалық СЭС

27-шілдеде ауруханаға түскен Маңғыстаулық тұрғынға қойылған "обаның бездік түрі" деген диагноз зертханалық және клиникалық тексерулер арқылы дәлелденді,- деп хабарлайды Республикалық СЭС-тің баспасөз қызметінен.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Маңғыстау облысының Таушық ауылының 27 жастағы тұрғыны "оба" деген алдын-ала диагнозбен облыстық ауруханаға жатқызылған болатын. Науқастың айтуынша ол Жыңғылды ауылында ауырған түйені союға атсалысыпты. Одан басқа сойысқа қатысқан тағы 5 адам ауруханаға түсіп, олардың екеуіне тағы да клиникалық негізде "оба" деген алдын-ала диагноз қойылды. Қазір оқиға орнында эпидемияға қарсы шаралар қолданылып, ауыл тұрғындары мен ауруханадағы науқастар медициналық бақылауға алынды. Ауырған түйе етінің біраз бөлігі Ақтаудағы "Мақат " базарында сатылып кеткен көрінеді. Осыған байланысты Ақтауда эпидемияға қарсы облыстық төтенше комиссияның отырысы өткізілді. Жыңғылды ауылында мал ауруына байланысты карантин жарияланды. Ауырған түйені бақылаусыз союға және етті Ақтауда сатуға рұқсат берген адамдарға қатысты материалдар құқық қорғау мекемелеріне тапсырылды. 30-шілдедегі жағдаймен медициналық қызметкерлер түйе етін ұстаған 88 адамды анықтады. Олардың барлығы да оқшауланып, ауруханаға жатқызылды. Олардың ағзасынан аурудың клиникалық белгілері табылған жоқ. Жыңғылды және Таушық елді мекендері мен Ақтауда медициналық бақылау мақсатымен ауыл-үйлерге жаппай аралау жүргізіліп, етті сатып алған азаматтардың пәтерлері мен үйлерінде дезинфекциялық шаралар жүзеге асырылуда. Науқастармен байланыста болған немесе етті ұстаған адамдарды жатқызу үшін 3 карантиндік оқшаулау стационары жарақталды. Эпидемияға жол бермеу мақсатындағы зерттеу жұмыстарына 70-тен астам медицина қызметкері жұмылдырылды. Маңғыстауға Республикалық СЭС-тің бас дәрігері Кеңес Оспанов бастаған ҚР денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мен карантиндік және зооноздық жұқпалы аурулар жөніндегі Қазақ Ғылыми зерттеу орталығының кеңесшілерінен құралған топ келіп жетті. Обаға шалдығу жөніндегі бұдан басқа оқиға тіркелген жоқ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть