Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі уақытта сынақ жұмыстары аяқталды. Қызметкерлер штаты толықтырылды.
Қала басшысы жолаушылардың қауіпсіздігіне баса азар аударып, барлық жүйелер мен нысандарды қайта мұқият тексеруден өткізуге тапсырма берді.
Атап айтқанда, барлық тораптар мен агрегаттарды, сынақ жұмыстарының қорытындыларын шешуші сараптамадан өткізу тапсырылды.
«Мәскеу мен Сайран стансаларының сынағы сәтті аяқталды. Метро — арнайы көлік құралы болғандықтан, бірінші кезекте тұрғындардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек», — деді ол.
Қала басшысы жаңа стансалар пайдалануға берілген соң метро арқылы қатынайтын жолаушылар санының екі есеге артатынын айтып өтті.
Айта кетейік, экологиялық тұрғыдан таза көлік саналатын жерасты жүрдек пойыздары өткен жылы 20 млн адамды тасымалдады. Ең алғаш ашылған уақытта метромен тәулігіне 13-14 мың адам қатынайтын болса, қазір метро қызметін тәулігіне 24 мың адам пайдаланады.
Алматы метросының ұзындығы 8,56 шақырымды құрайды. Жаңа стансалардың қосылуымен жерасты жолының ұзындығы 2,74 шақырымға ұзарады.
Абай көшесінің бойында Брусиловский мен Тілендиев көшесінің аралығында орналасқан Сайран стансасы 18 метр тереңдікте орналасқан. Мәскеу стансасы Өтеген батыр мен Алтынсарин көшелерімен аралығында орналасқан.
Әр стансада 2 лифт пен 8 эскалатор жұмыс істейтін болады.
Абай көшесімен қозғалысты батыс бағытта созу үшін болашақта Сарыарқа стансасын қосу жоспарланған.
