«Заң жобасы экономиканың бір басымдық берілген бағыты ретінде туризмді одан әрі дамыту мен жетілдіруге бағытталған», — деп мәлімдеді заң жобасын депутаттарға таныстырған туризм және спорт вице-министрі Қайырбек Өскенбаев.
Оның айтуынша, «Әкімшілік заң бұзушылықтар туралы кодекс», «Туристік қызмет туралы» заң, «Туроператор мен турагенттің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» заң, «Жеке кәсіпкерлік туралы» заң, «Лицензия беру туралы» заңдар секілді бес заңнамалық актіге өзгерістер енгізіледі.
Атап айтсақ, Әкімшілік заң бұзушылықтар туралы кодекске Қазақстан Республикасының туристік іс-қызмет туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қарастыратын бап енгізіледі.
Туристік іс-қызмет туралы заңнамаға енгізілетін түзетулермен үкімет, уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы орган арасындағы құзырет аясы шектеледі. Сонымен бірге, уәкілетті орган туристік қызметпен айналысатын тұлғалардың мемлекеттік реестрін жүргізеді.
«Лицензия беру туралы» заңға халықаралық және ішкі туризм саласындағы іс-қызметпен айналысуға лицензия беру тәртібіне өзгерістер енгізіледі.
Қ. Өскенбаевтың атап көрсеткеніндей, бұл заңды қабылдау «өңірлерде туристік кластерлерді одан әрі дамыту, серпінді жобаларды жүзеге асыру, тартымды туристік имидж қалыптастыру, туризм саласындағы жаңаша көзқарастарды қамтамасыз ету, туристік саланы дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру» секілді мақсаттарды жүзеге асыруға септігін тигізбек.
Заң жобасы екінші оқылымға дайындау үшін мәжілістің салалық комитетіне жолданды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті