Жарияланды: 540

Мәжіліс Қарағанды облысындағы ауылдарды сумен қамтамасыз ету жөніндегі жобаға Ислам Даму банкінің несиесін тарту туралы келісімді бекітті

Бүгін, 24-наурызда өткен мәжілістің жалпы отырысында халық қалаулылары Қарағанды облысындағы ауылдарды сумен қамтамасыз ету жөніндегі жобаға Ислам Даму банкінің несиесін тарту туралы келісімді бекітуді мақұлдады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі республика Елордасынан.

"Ауылдарды сумен қамтамасыз ету жобасы Қазақстан Республикасын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі 2004-2006-жылдарға арналған индикативтік жоспарға қамтылған",- деді аталмыш келісім жобасы бойынша палата отырысында баяндама жасаған ҚР ауылшаруашылығы министрінің орынбасары Ақылбек Күрішбаев. Оның айтуынша, жобаның мақсаты - Қарағанды облысындағы бірнеше ондаған ауыл тұрғындарының өмір сапасын, денсаулығы мен тазалық деңгейін жақсарту, оларды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету болмақ. Вице-министрдің түсініктемесіне жүгінсек, жоба бойынша " көп шығынды талап етпейтін, қарапайым су қамтамасыздығы жүйелерін салу, сол арқылы облыстағы жағдайы осал елдімекендердің тұрғындарын үйлерінің маңында орналасқан колонкалардан шығатын таза ауыз сумен қамтамасыз ету" көзделіп отыр. Аталмыш жоба аясында облыстағы 94 елді мекенді сумен қамтамасыз ету жоспарланған. 2004-жылдан бастап жүзеге асырыла бастайтын жобаның жалпы құны 11,3 млн. долларды құраса, оның 9,451 млн. долларын (7 млн. ислам динары) Ислам Даму банкі, қалған 1,863 млн. долларын Қазақстан Республикасының үкіметі бөледі. Ислам Даму банкі бұл несиені 7 жылдық жеңілдетілген тәртіппен 25 жылға бергелі отыр. Несиеге қызмет ету құны жылына 2,5 процентті құрайды. Несие қаржысы құрылыс, жабдық сатып алу және ақыл-кеңес жұмыстарына жұмсалады. Несиені әжетке жарату және оны қайтару міндеті ҚР қаржы министрлігіне жүктеледі. Келісім сенаттың талқысына ұсынылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін