Мемлекет басшысы Алматы қаласының жұртшылығымен кездесті - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мемлекет басшысы Алматы қаласының жұртшылығымен кездесті

Мемлекет басшысы Алматы қаласының жұртшылығымен кездесті

Президент қала жұртшылығымен кездесу барысында Алматының ел тарихында айрықша орын алатынын атап өтіп, осы қалада Егемендік декларациясы мен Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланғанын айтты.

  • 16 Қараша 2022
  • 7
Фото - Caravan.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев шаһарды өркендетуге қатысты ой-пікірін айта келе, бірнеше бағытта атқарылуға тиіс жұмыстарға назар аударды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Ақордаға сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысының айтуынша, ең алдымен, қала экономикасын әртараптандыру арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету қажет. Алматы – еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші және көшбасшысы. Жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігі, бюджет кірісінің 25 пайыздан астамы және Қазақстанның сауда операцияларының үштен бір бөлігі осы қалаға тиесілі. Жыл басынан бері қала экономикасына 930 миллиард жеке инвестиция тартылған. Кәсіпкерлік дәйекті дамып келеді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 30 пайызға өскен.

– Экономиканың әртараптандырылу деңгейінің төмен болуы қала тұрғындары табысының өсімін баяулатады. Қала «орташа табыс тұзағына» түсті, одан шығу үшін қала экономикасын түбегейлі әртараптандыру қажет. Өңдеу өнеркәсібін, туризмді, IT секторын және креативті индустрияны дамытуға баса назар аудару керек. Бәсекелестікті ынталандыру, инвестиция тарту және еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру қажет. Қала жағдайындағы өңдеу өнеркәсібін дамыту ісі экологиялық таза және ықшамды заманауи технологияларды қолдана отырып, үдерістерді жоғары деңгейде автоматтандырумен және цифрландырумен қатар жүзеге асырылуы керек. Алматының индустриялық аймағы мен «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің әлеуетін толық пайдалану қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне Алматы агломерациясының аясында өңдеу өнеркәсібін бірлесіп дамытуды тапсырды. Сондай-ақ осы мақсатта жыл аяғына дейін екі аймақтың тығыз ынтымақтастығына негіз болатын «Агломерацияларды дамыту туралы» жаңа Заң қабылданатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі IT компаниялардың 40 пайыздан астамы Алматыда орналасқанына тоқталып, азаматтардың маңызды бастамаларын жүзеге асыру үшін жақын арада қалада хабтар мен кластерлер іске қосылатынын жеткізді. Сондай-ақ бастапқы қаржыландырылу сомасы 10 миллиард теңге болатын қалалық венчурлық қор құру жөніндегі жергілікті биліктің идеясын қолдайтынын атап өтіп, бұл жобаға жеке кәсіпкерлерден қаржы тартудың маңызды екенін айтты.


Мемлекет басшысы қаланың барлық ауданын бірдей дамыту және тұрғын үй құрылысын жандандыру керек екеніне назар аударды. Президент бірқатар түйткілді мәселені атап өтіп, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына баса мән беру қажеттігін жеткізді.

– Бірқатар ауданда орталықтан берілетін су жоқ. Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырамын. Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосу керек. Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет. Бұл шаралардың арқасында 150 мың адамға су беріледі. «Ерменсай» және «Барлық» өзендерінен су тарту жүйесін де іске қосу маңызды. Су – тіршілік көзі. Тұрғындардың өмір сапасы тікелей суға тәуелді. Сондықтан сумен қамтамасыз ететін жаңа желі салу, жаңғырту жұмысын басты назарда ұстау керек, – деді Президент.

Соңғы жаңалықтар