Қазақстан экономикалық күрделілік жағынан артта қалып келеді. Caravan.kz медиа порталы жарияланған рейтинг бойынша Қазақстан мен көрші елдердің жағдайын зерттеп көрді.
Гарвард университетінің мамандары ECI «Экономикалық күрделілік атласы» рейтингін жариялады.
ECI дегеніміз не?
Бұл елдің байлығы туралы емес, оның экспорты қаншалықты технологиялық, әртүрлі әрі ерекше екені жайлы көрсеткіш. Ел қаншалықты сирек кездесетін, күрделі өнімдерді өндіріп, әлемге шығарса оның рейтингі соншалықты жоғары болады.
Сандарға көз жүгіртейік. Жетекші ғалымдардың пікірінше, бұл рейтингте Орталық Азия аймағының шын мәніндегі лидері ретінде Өзбекстан танылды. Ол экономикасының күрделілігі, диверсификациялануы жөнінен жаһандық рейтингте 25-орынға көтерілді.
«Өзбекстан соңғы жылдары халықаралық деңгейде үздік саналатын озық өсімді паш етуде. Сарапшылардың байламынша, Өзбекстан экспорты әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті бірден 162 өнім аталымына ие. Бұл оның әлемдік нарықтағы зор әлеуетін растайды», – деп хабарлады Harvard Growth Lab аналитиктері.
Нәтижесінде, биыл өзбек елі жер-жаһандағы экономикалық әлеуетті 145 мемлекеттің ішінде 80-орынға шықты.
Орталық Азияның өзге елдерінің көрсеткіштері келесідей:
-Қырғызстан – 59-орын,
-Қазақстан – 84-орын (бірден 6 позициясын жоғалтып, төмен құлдырады),
-Тәжікстан – 124-орын (5 позицияға жақсартты),
-Түрікменстан – 126-орын (12 позиция жоғалтты).
Әлем бойынша көш басында Швейцария, Жапония, Сингапур, Тайвань мен Оңтүстік Корея тұр.
Соңғы 5 жылдағы экспортының өсуіне ең қомақты үлес «орташа өңдеудегі» өнеркәсіптік тауарларға тиесілі. Барынша күрделі өнімдерге ие өндірістер арасында өсім қарқыны бойынша алдыңғы орынға машинажасау (89%), өнеркәсіптік жабдық (77%), электротехника (59%) шықты.
Өзбек экспорты әртараптана түсті және 5 жылда экспорттық тауарлары қатарына жаңа 67 өнім қосылған.
«Өзбекстан төл экспорттық портфеліне 67 жаңа өнімді қосты және оларды жаһандық нарыққа жеткізуден қосымша 2,1 миллиард доллар пайда тапты. Бұл мемлекеттің диверсификациялау стратегиясының табыстылығын және елдің бәсекеге қабілеттілігінің артқанын айғақтайды. Осы жаңа өнімдердің өзі Өзбекстан халқының жан басына шаққандағы табысын тағы 59 долларға арттырды», – деп атап өтті Harvard Growth Lab эксперттері.
Америкалық ғалымдардың байламынша, Өзбекстанның экономикасы 2033 жылға дейін кем дегенде 5,6%-дап артып отырады. Осы арқылы өсім қарқыны бойынша әлемдегі №2-ші елге айналады.

Әйтсе де, одан көп болуы мүмкін: Өзбекстан жалпы ішкі өнімі 2021 жылы – 7,4%-ға, 2022 жылы – 5,7%-ға, 2023 жылы – 6%-ға, 2024 жыл қорытындысында – 6,5%-ға ұлғайды. Яғни, америкалық аналитик-зерттеушілер сақтық танытып белгілеген 5,6%-дан әлдеқайда көп.
Орталық Азияның өзге елдері экономикаларының 2033 жылға дейінгі өсімі бойынша болжам келесідей:
-Тәжікстан ЖІӨ-сінің орта есеппен жыл сайынғы өсімі – 4%,
-Қырғызстанда – 3,9%,
-Қазақстанда – 3,6%,
-Түрікменстанда – 2,7%.
Гарвард ғалымдары Өзбекстанның өз экономикасын құрылымдық трансформациялау бағытында үздіксіз ілгерілеп келе жатқанын атап өтті. Осы мақсатта өзбек Үкіметі ресурстарды, қаражатты ауыл шаруашылығы сияқты өнімділігі төмендеу секторлардан электроника, машинажасау сияқты жоғары өнімділікті салаларға қайта бағдарлап жатыр.
Мысалы, қазіргі кезде Өзбекстан картопты, бидайды, басқа да дақылдарды өзінде өсіруді азайтып, оларды Қазақстаннан, Қырғызстаннан және Тәжікстаннан тасиды. Яғни, шикізаттық экономикадан кетіп, қосылған құны жоғары өнімдерге ден қойды.
Гарвард университетінің зерттеушілері Өзбекстанға «қазіргіден де күрделі өнімдерге көшу бойынша рекомендациялар» берді.
Онда әлемдік нарықта кең сұранысқа ие 50 үздік жаңа өнімнің өндірісін жолға қою ұсынылды. Олардың әлемдік нарығы 580 миллиард долларды құрайды.
Бұдан бөлек, жеңіл өнеркәсіпте жаһандық нарығы 370 миллиард доллар болатын 29 тауар түрін Өзбекстанның шығара алатын әлеуеті бары айтылды.
Бұған қоса, өзбек еліне ауыл шаруашылығының 14 жаңа тауар түрін өндіруге көшуге кеңес берілді. Сонда қосымша 117 миллиард доллар табыс таба алады.
Қазақстанның жағдайы қандай?
Қазақстан 2023 жылы 79 миллиард долларға тауар экспорттады. Көлемі көп сияқты көрінеді. Бірақ соның 54 пайызы — жай ғана шикі мұнай. Тағы 20 пайызы — уран, мыс, газ, ферроқорытпа және бидай.
Яғни, экспорттың басым бөлігі — ондаған ел өндіретін шикізат. Мысалы, мұнайды шамамен 50 мемлекет сатады, ал нарықты ОПЕК ұйымы бақылайды. Мұндай жағдайда «ерекшелік» туралы айту қиын.
ECI үшін бұл неліктен жаман?
Өйткені мұнай — технологиялық тұрғыдан қарапайым өнім. Оны тек қазып, сатады, бірақ одан жоғары қосылған құнмен күрделі өнім жасалмайды. Сондықтан Қазақстанның индексі соңғы 25 жыл бойы теріс аймақта қалып келеді, ал соңғы уақытта алты орынға көтерілгеніне қарамастан, бұл мәселе әлі шешілмей отыр.
Мысалы, Қырғызстанның экспорты небәрі 3 миллиард доллар болса да, соның жартысы — алтын мен бағалы металдар. Бірақ бұл елдің экспортындағы алғашқы ондыққа телефон, автокөлік, кептірілген жеміс пен көмір де кіреді. Яғни, экономика аз да болса әртараптандырылған. Осы себепті Қырғызстанның ECI көрсеткіші аз ғана болса да оң аймақта.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан шын мәнінде күрделі әрі мықты экономикалар қатарына ену үшін жай ғана көп табыс табумен шектелмей, ерекше өнімдер өндіріп, жаңа нарықтарға шығуды және «шикізат жеткізушісі» рөлінен бас тартуды қолға алуы қажет. Әйтпесе, ЖІӨ қанша өссе де, экономикада шынайы технологиялық қуат болмайды.