Топ мәліметтеріне сүйенсек, Солтүстік теңіздің Brent мұнайына жасалған шілде айындағы келісімшарт Лондонның InterContinental Exchangе биржасында $10,15 қымбаттап, 1 баррелі $137,69 тең болды. Сол секілді Техасстың WTI маркалы жеңіл мұнайы Нью-Йорктың NYMEX тауар биржасында $10,75 көтеріліп, 1 барреліне $138,54 сұрайтын болды.
Хабарламада атап көрсетілгендей, мұнайдың рекордтық көрсеткішке дейін шарықтауы АҚШ доллары бағамының құлдырауына байланысты болған (Dollar Index 73,120-дан 72,528-ге дейін арзандаса, евро бағамы $1,5584-тен $1,5772-ге дейін қымбаттаған). Бұл АҚШ Еңбек министрлігінің елдегі жұмыссыздық деңгейінің өсімі жөніндегі хабарламасынан туындаған. Министрліктің мәліметтеріне сүйенсек, маусымдық өзгеріске ұшыраған жұмыссыздық деңгейі 0,5 пайызға ұлғайып, 5,5 пайызға жеткен.
«Атап айта кететін жайт, мамыр айындағы жұмыссыздық көрсеткіші соңғы 33 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш болып отыр. Бұл сандар АҚШ экономикасының өсу қарқынының айтарлықтай төмендегенін айғақтайды», — деп атап көрсетілген «ОМТ-Консалт» компаниясының мұнайға жасаған шолуында.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті