Нәпақа іздеп Ресейге барған қазақстандықтар майдан аймағына қалай тап болды? - kaz.caravan.kz
  • $ 447.73
  • € 502.98
+14 °C
Алматы
2026 Жыл
5 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Нәпақа іздеп Ресейге барған қазақстандықтар майдан аймағына қалай тап болды?

Нәпақа іздеп Ресейге барған қазақстандықтар майдан аймағына қалай тап болды?

СІМ оларды елге қайтару үшін Ресей тарапымен бірлескен жұмыс жүргізіп жатыр. 

  • 5 Қазан
  • 1
Фото: Instagram.com /symbat_erkinbek

Ресейге жұмыс істеуге кеткен бір топ қазақстандықтың соғыс жүріп жатқан аймаққа тап болғаны туралы видео әлеуметтік желіде тарады. Өзін Қазақстан азаматы ретінде таныстырған жастардың айтуынша, олар Ресейге күзетші болып жұмыс істеуге барған, алайда кейін әскери қызметке жіберілген. Туыстары да азаматтардың майдан аймағына өз еркімен бармағанын айтып, көмек сұрап отыр. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жағдайға араласып, Ресей тарапымен қазақстандықтарды елге қайтару бойынша бірлескен іс-қимыл әзірлеуге келісті. Енді нәпақа іздеп, майдан даласынан шыққан қазақстандықтар елке қалай қайтарылады? Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты тарқатады. 

«Күзетші болып жұмыс істейміз деп барған»

Әлеуметтік желіде тараған видеода бірнеше қазақстандық өздерінің Ресейдегі соғыс аймағына қалай барғанын айтып, елге қайтаруға көмектесуді сұрайды.

Шымкент тұрғыны Айнабек Келдібектің айтуынша, ол Ресейге жақсы жалақы ұсынылған күзет жұмысына барған. Оның сөзінше, жұмыс туралы оған танысы айтқан. Кейін құжаттарға қол қойған, алайда орыс тілін нашар білетіндіктен, олардың мазмұнын толық түсінбеген.

«Мен бұл жерге алданып келдім. Жұмыс туралы досым айтты. Үшеуіміз бірге келдік. Сеніп, құжаттарға қол қойдық. Кейін бізге не соғысқа барасыңдар, не түрмеге қамаймыз деді. Қорқып қалдық, басқа амал болмады. Енді үйге қайтудың жолын іздеп жүрміз», – деді ол.

Бұл кадрлар Украинаның шығысында орналасқан Луганск облысында түсірілген. Айта кетейік, Ресей 2022 жылы қыркүйекте референдум өткізіп, өңірді толығымен қосып алды. Қазақстан бұл аумақтың Ресейге қосылғанын мойындаған жоқ. Президент бұған дейін де мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен халықаралық құқық қағидаттарының сақталуы маңызды екенін бірнеше рет атап өткен.

«Балам орысша сөйлемейді де, түсінбейді де»

Айнабектің анасы Перизат Елеусізованың айтуынша, 20 жастағы ұлы жақында ғана әскер қатарынан оралған. Жұмыс іздеп жүрген кезінде Ресейдегі вахталық жұмыс туралы ұсыныс алған. Оған күзетші болып жұмыс істейтіні айтылған. Алайда анасының сөзінше, кейін ұлына әскери аймаққа бару керектігі айтылған.

«Баламды қорқыта бастаған. Егер бармаса, 15 жылға сотталатынын айтқан. Ол қорқып, солардың соңынан кеткен. Қазір күн сайын хабарласады, жылап, құтқаруды сұрайды», – дейді Перизат Елеусізова.

Оның айтуынша, баласы орыс тілін білмегендіктен, қол қойған құжаттардың мазмұнын толық түсінбеген.

«Балам орысша сөйлемейді де, түсінбейді де. Жанындағы балалардан сұрап, бұл жұмыс агенттігінің құжаты екен деп қол қойған. Балам өз еркімен кеткен жоқ, ол алданып отыр. Бір-екі күннен кейін соғысқа алып кететінін айтып, қашып кетемін деді. Мен оған қашпа дедім. Себебі бір бала қашпақ болғанда аяғына оқ тигенін айтты. Елшілік пен мемлекеттен көмек сұрайтынымызды айттым», – дейді ол.

Жұмыс туралы хабарландыруда не жазылған?

Журналистер интернеттен азаматтарға жұмыс ұсынған күзет компаниясының парақшасын да тапқан. Ал бүгін біз бұл сайтты іздеп таба алмадық, тек оның «жойылғаны» туралы ақпаратты оқыдық. Онда компанияның өндірістік нысандар мен қоймаларды күзетумен айналысатыны, ал нысандардың Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарында орналасқаны жазылған.

Компания өкілі жұмыс нысандарының әскери қимылдар жүріп жатқан аумақта екенін де көрсеткен. Сондықтан жұмыстың жоғары тәуекелмен байланысты екені ескертілген. Хабарландыруда жылдық табыс 30 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін екені жазылған.

Сегіз қазақстандық көмек сұраған

Inbusiness.kz мәліметінше, көмек сұраған сегіз қазақстандықтың үшеуі Ресей шекарасынан 27 тамызда өткен.

Айнабектің айтуынша, олар алдымен Смолинский облысындағы елді мекендердің біріне барған. Кейін оларды бірнеше рет әскери комиссариатқа апарған.

Жастардың айтуынша, олар жұмысқа орналасу үшін келгендерін ойлаған. Алайда кейін жағдай басқаша өрбіген.

Олардың нақты қай жерде екені, қандай құқықтық мәртебеде тұрғаны және әскери қызметке қандай негізде тартылғаны қазір анықталып жатыр.

Қазақстан Ресейге дипломатиялық нота жолдады

Әлеуметтік желідегі видео тарағаннан кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей тарапына дипломатиялық нота жолдады.

СІМ қазақстандықтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ведомство жұмысының басым бағыттарының бірі екенін мәлімдеді. Министрліктің ресми өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, қазақстандықтарға көмек көрсету үшін олардың жеке деректері мен нақты жағдайы туралы толық ақпарат қажет.

Атап айтқанда, ведомствоға азаматтардың аты-жөні, туған күні, болжамды орналасқан жері және жасалған еңбек шарттары туралы мәліметтер керек.

СІМ өкілі мұндай ақпаратты тек БАҚ-тағы жарияланымдардан емес, азаматтардың өздерінен немесе олардың туыстарынан тікелей алудың маңызды екенін атап өтті.

«Қазақстан азаматтарының шетелдегі құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау – министрлік қызметінің сөзсіз басымдығы», – деді Жанболат Үсенов.

Ресеймен бірлескен іс-қимыл әзірленеді

2 қазанда Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Александр Комаровпен кездесті. Кездесу барысында соғыс аймағында жүрген Қазақстан азаматтарының жағдайы талқыланды.

Тараптар оларды елге қайтаруға бағытталған бірлескен іс-қимылдарды әзірлеуге келісті. 

Алдағы уақытта Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ресейдің сыртқы істер және қорғаныс министрліктерінің өкілдерімен кездесулер өткізеді.

СІМ атқарылып жатқан жұмыстың барысы мен нәтижесі туралы қосымша ақпарат берілетінін хабарлады.

Туыстары не істеуі керек?

Сыртқы істер министрлігі соғыс аймағында болуы мүмкін Қазақстан азаматтарының туыстарын ведомствоға дереу хабарласуға шақырады.

Бұл жерде азаматтың аты-жөні ғана емес, туған күні, соңғы белгілі болған орналасқан жері, телефон нөмірі, Ресейге қашан және қандай мақсатпен барғаны, қандай жұмыс ұсынылғаны, қандай құжаттарға қол қойғаны туралы бар мәліметті беру маңызды.

СІМ-нің мәліметінше, бұл ақпарат азаматтарға құқықтық және консулдық көмек көрсету үшін қажет.

Қазақстан азаматтары мен олардың туыстарына арналған байланыс арналары:

Қазақстан СІМ Консулдық қызмет департаменті:

+7 (7172) 72-05-00

[email protected]

Қазақстанның Ресейдегі елшілігі:

+7 (925) 897-71-14

[email protected]

Қазақстанның Астраханьдағы Бас консулдығы:

+7 (906) 177-70-88

[email protected]

Қазақстанның Қазан қаласындағы Бас консулдығы:

+7 (905) 020-30-42

+7 (843) 202-05-92

[email protected]

Қазақстанның Омбыдағы Бас консулдығы:

+7 (968) 100-73-06

[email protected]

Қазақстанның Екатеринбургтегі Бас консулдығы:

+7 (939) 919-76-33

[email protected]

Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығы:

+7 (981) 916-25-12

+7 (921) 188-90-60

Қазақстан СІМ бұған дейін де шетелде қиын жағдайға тап болған азаматтарға консулдық көмек көрсететінін мәлімдеген. Ведомствоның ресми мәліметінше, шетелдегі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – консулдық қызметтің негізгі міндеттерінің бірі.