Жарияланды: 180

Нидерланд соты Қазақстанға тиесілі 22 миллиард долларды бұғаттау шешімін жойды

Нидерланд соты Қазақстанға тиесілі 22 миллиард долларды бұғаттау шешімін жойды Сурет - samaratoday.ru

Амстердамның Округтік соты Қазақстан Ұлттық банкінің New York Mellon (BK.N) банкінде сақталған Ұлттық қор қаржысын бұғаттан шығару туралы өтінішін орындады деп хабарлады Қазақстан әділет министрлігі.

Ресми мәлімет бойынша, сот процеске үшінші тарап ретінде қатысып жатқан Ұлттық банк пен әділет министрлігінің ұстанымымен келісіп, Ұлттық қор активтеріне қолсұғылмауы тиіс деп ұйғарған.

АҚШ-тың New York Mellon (BK.N) банкі желтоқсанның ортасында Қазақстанның Ұлттық қорына тиесілі 22 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі активін бұғаттағанын хабарлаған. Мұндай шешім Қазақстан үкіметі мен молдовалық инвестордың арасындағы дау өршіген кезде қабылданған. Молдовалық кәсіпкер Анатол (Анатолий) Стати мен оған тиесілі бірнеше компания Қазақстан үкіметін өздерін шығынға ұшыратты деген арыз бойынша бұған дейінгі бір сотта жеңіп шыққан. Сот Астананы 500 миллион өтемақы төлеуге міндеттеген. Банктегі дерек көзінің айтуынша, енді арызданушы шығынын өтеу туралы шағым түсіріп, Қазақстанның мұнай табысынан құралған Ұлттық қорының 40 пайызын бұғаттауға қол жеткізген.

Астана 500 миллион долларды өтеуден бас тартып, АҚШ-тың федералды сотына шағымданған.

Әділет министрлігінің ақпараты бойынша, «Нидерландының сот органдары бұған дейін Статидің бұл активтерді бұғаулау туралы өтінішін орындаудан бас тартқан, Стати бұл фактілерді жасырып, сотты шатыстырған». Министрлік сот осыған байланысты Статиге "Қазақстан жағына сот шығынын өндіріп беруді міндеттегенін" айтады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін