Жарияланды: 30

Нұршат Өтелиева: Қазіргі таңда “ғарыштық техника” бойынша мамандықтарға түсетін студенттер өте көп

Нұршат Өтелиева: Қазіргі таңда “ғарыштық техника” бойынша мамандықтарға түсетін студенттер өте көп

Қазіргі таңда ғарыш саласы қаншалықты деңгейде дамып жатыр?

Елімізде “ғарыштық техника және технологиялар” мамандығына түсетін студенттер көп пе?

Осы және өзге де сұрақтарға Алматы энергетика және байланыс университетінің “ғарыштық техника және технологиялар” кафедрасының аға-оқытушысы Нұршат Қарлыбайқызы жауап береді.

- Қазіргі таңда ғарыш саласы қаншалықты деңгейде дамып жатыр?

- Қазіргі таңда ғарыш саласы елімізде өте жоғары деңгейде дамып жатыр. Себебі, ғарыш саласына қатысты мамандарды дайындауда соңғы 5 жылдың көлемінде мемлекеттен грант бөлініп, мамандарды дайындауға мемлекет тарапынан көп қаражат жұмсалып жатыр. Біздің оқу орынын бітірген мамандар, яғни біздің түлектеріміз ғарыш бойынша жұмыс жасап жатыр. Қазіргі кезде ғарыш саласындағы мамандарға мүмкіншіліктер өте көп. Біздің түлектеріміз өз оқуларын тәмамдап өздерін әрі қарай дамытып магистратура, доктарантураға түсіп, білімдерін жетілдіреді. Сондықтан ғарыш саласы осы мамандардың арқасында жоғары деңгейде дамып жатыр деп айта аламын.

- Өзіңіз айтқандай бірнеше жоғары оқу орындары ғарыш саласы бойынша білім береді. Дегенмен де білікті мамандар бізде жеткіліксіз емес пе?

- Білікті мамандар елімізде жеткілісіз дегенге келісе алмаймын. Осыдан 4-5 жыл бұрын ғарыш саласында осы мамандықты бітіргендер емес, физика, химия саласын бітіргендерді жұмысқа қабылдайтын. Себебі, ол кезде біздің мамандар болған жоқ. Ал қазіргі таңда, “Ғарыштық техника және технология” мамандығын бітіріп жатқан студенттеріміз, біздің түлектеріміз өздерін жоғары деңгейден көрсете алса, білімдері жоғары деңгейде болса оларды бірден жұмысқа қабылдайды. Біз өзіміз университеттен жылына бір рет Нұр-Сұлтанға және еліміздегі өзге де аймақтарға өндірістік тәжірбиеден өткізіп алып келеміз, яғни ғарыштық сапарға апарып келеміз. Ол жерде біздің балаларымыз көзге түседі, сол жерге алып барған 10 баланың 3-еуі немесе 4-еуіне сондағы басшылар қызығады, яғни оларды кейін оқуларын бітіргеннен кейін тәжірбиеден өтуге немесе жұмысқа орналасуға шақырады. Біз жұмысқа оларды бірден жібере алмаймыз, өйткені біз өндірістік тәжірбиеге 2 курсты бітірген студенттерді алып барамыз. Сол себепті олардың бітіруіне әлі 1-2 жылдар болады. Алдын ала жұмысты балалар да көреді, сондағы жұмысқа қабылдайтын мамандар да көріп алады. Ал егерде көзге түскен студенттер болса, олар міндетті түрде сонда барып жұмыс жасайды. Енді білікті мамандарға келсек, бізде яғни Алматы энергетика және байланыс университеті біліксіз мамандарды шығарады деп айта алмаймын. Жалпы, ғарыш саласында жұмыс жасайтын адамдар біліксіз болмайды, ондай жерге жұмысқа тұру үшін білікті де, білімді мамандар керек.

- Қазіргі таңда ғарыш саласына, яғни “Ғарыштық техника және технология” мамандығына оқуға түсетін студенттер көп пе?

- Өте көп. Мен соңғы үш жылды айтатын болсам, біздің университетте, яғни Алматы энергетика және байланыс университеті “Ғарыштық техника және технология” мамандығына оқыған биыл студенттердің төртінші түлегін шығарды. Соңғы үш жылды алатын болсақ, бірінші жылы грантқа түскені, ақылы түрдегіге түскенін санағанымызда олардың саны 47 болатын. Былтырғы жылы олардың саны 60-қа жетсе, ал биылды айтатын болсақ, грантқа түскенін, ақылы түрдегіге түскенін санасақ, олардың саны – 100-ге жетті, бұл тек бір университеттің мамандары ғана. Ғарыштық сала бойынша, Алматы қаласының өзінде Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде оқытады, одан кейін Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде және мен қызмет ететін Алматы энергетика және байланыс университетінде оқытады. Ал Нұр-Сұлтан қаласында Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытады. Сол себепті, менің айтып тұрғаным, бір ғана университеттің саны. Егерде елімізде “Ғарыштық техника және технология” мамандығына түсетін студенттердің санын есептейтін болсақ, оның саны сіз ойлағаннан да көп.

- Ғарыш саласында оқиытындар көбінесе қазақ топтарына қарағанда, орыс топтарына түсетін секілді. Әлде олай емес пе?

- Жоқ, олай емес. “Ғарыштық техника және технология” мамандығына түсетіндердің басым көпшілігі қазақ топтарына түседі. Қазақ тобына 40 адам түсіп тұрған кезде, орыс тобына 7 адам немесе 9 адам түсіп жатады. Сондықтан да, ғарыш саласында оқитын студенттердің көпшілігі орыс тобына түседі деген пікірмен келіспеймін.

- Байқоңыр ғарыш айлағы. Байқоңырды өзімізге ұстап тұру үшін бізге маман жеткілікті деп ойлайсыз ба? Жалпы, оны ұстап тұруға біздің жағдайымыз жете ме? Яғни, қаржы жағынан?

- Қазақстанда болғаны дұрыс қой, өйткені өзімізге пайдалы. Себебі, қазір Байқоңыр мамандарды қабылдау жағынан, олардың мамандарды қалай қабылдайтынын білмеймін. Өйткені, Байқоңыр Ресейге жалға берлгендіктен болуы керек олар көбінесе Ресейден келген, яғни ресейлік мамандарды көп қабылдайды. Ал Байқоңыр ғарыш айлағы бізде, яғни Қазақстанда болса біздің Қазақстандағы дайындалып жатқан мамандар Байқоңырда жұмыс жасап, ғарыш саласының дамуына өз үлестерін қосар еді. Ғарыш саласы бұрын аса қажет болмаған еді, ал қазіргі таңда бұл сала өте қарқынды түрде дамып жатыр. Бұл сала жылдан жылға дами береді, самғай береді деп ойлаймын. Бұрындары бізде экономист, заң саласын оқитындар көп екеді, ал қазіргі таңда техникалық мамандықтар, оның ішінде ғарыш саласы оқитын студенттер көбейіп жатыр. Бұрындары оқуға түсердің алдында агитациялық команда барып, барлығын айтып, түсіндіретін. Ал қазіргі таңда энергетика университетінде агитация аса жоқ, дегенмен де балалардың өздері келіп, осы мамандықты оқуға тапсырып жатыр. Қаржы жағына келетін болсақ, ол жағынан да жағдайымыз жетеді деп ойлаймын. Сондықтан Байқоңыр ғарыш айлағы өзімізде болуы керек, әсіресе біздің ғарыш саласының мамандары үшін.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Ғалымжан Сәңкібаев

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін