Жарияланды: 700

Өлім жазасына мораторий жариялануы мен "Сайлау туралы " және "БАҚ туралы" заңдарға қатысты ахуал Қазақстанда саяси плюрализмнің өрістеуіне дәлел болмақ - Ұлыбритания СІМ-нің өкілі

Ұлыбритания СІМ-нің парламенттік хатшысы Билл Раммелдің пайымдауынша, "Қазақстан басшылығының демократия мен азаматтық қоғамды дамыту бағытындағы соңғы қадамдары, атап айтсақ, өлім жазасына мораторий жариялануы, "Сайлау туралы "жаңа заңның қабылдануы мен Елбасының "БАҚ туралы" заңға қатысты ҚР Конституциялық кеңесінің тұжырымымен келісуі, Қазақстанның Демократиялық таңдауы партиясының тіркелуі тәрізді оқиғалар Қазақстан қоғамында саяси

плюрализмнің арта түскеніне дәлел болмақ". Сондай-ақ, елшінің пікірінше, бұл шешімдер "Қазақстанның 2009-жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық жасауға деген шешімді ниетін паш етеді". Ұлыбритания СІМ-нің парламенттік хатшысы осы елде ресми сапармен жүрген қазақстандық өкілдермен кездесуде осындай пікір білдірді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен хабарлады. Қазақстандық өкілдердің жетекшісі, ҚР әділет министрі Оңалсын Жұмабеков Б.Раммелмен кездесу барысында құқықтық көмек тұрғысындағы бірқатар Еуропалық конвенцияларға бірігуге деген Қазақстанның талпынысына Ұлыбритания тарапынан қолдау көрсету мәселесін қозғады. Қазақстандық өкілдердің пікірінше, халықаралық лаңкестік пен ұйымдасқан қылмыс қаупі арта түскен қазіргі жағдайда мұндай қолдау - елдер арасындағы саяси сенімнің нығаюына және қауіп-қатерлермен күресте бірлескен күш-жігерді пәрмендендіруге түрткі болмақ. Қазақстанның құқық қорғау мекемелерінің өкілдері сапар барысында Ұлыбританияның пенитенциарлық жүйесін реформалау тәжірибесімен және осы елдегі сот-конституциялық реформалар барысымен танысты. Қазақстан өкілдері Ұлыбритания ІІМ-нің бас пәтері мен түрлі құрылымдарында, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдарында болып, Ұлыбритания денсаулық сақтау министрлігінің іс-қызметімен танысты. Сондай-ақ, Ұлыбритания Корольдік арбитрлер институтының құрметті президентімен, Британ-Қазақ қоғамының тең төрағасы Лорд П.Фрейзермен кездесулер өтті. Келіссөздер нәтижесінде биылғы күзде еліміздің әділет министрлігі мен арбитраж саласының бес маманын халықаралық арбитраж мәселесі бойынша Лондонда арнаулы дәріс арқылы оқыту туралы байлам жасалды. Британ-Қазақ қоғамы қазақстандық арбитрлерді оқыту жұмысына қолдау көрсетуге әзірлік танытты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін