Жарияланды: 510

Омбы МӨЗ-і Қазақстанның өтініші бойынша Қырғызстанға бензин жеткізуді тоқтатты

Омбы мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) Қазақстанның өтініші бойынша 1 шілдеден бастап Қырғызстанға жоғары октанды бензиннің жеткізілімдерін тоқтатты, деп хабарлайды ҚырТАГ агенттігі.

«Жоғары октанды бензиннің жетіспеушілігі (Аи-92 және Аи-95) сезіліп отырған Қазақстанның өтініші бойынша 1 шілдеден бастап Омбы мұнай өңдеу зауыты Кеден одағына кірмейтін елдерге, соның ішінде Қырғызстанға да отын жеткізілімдерін тоқтатты. Қырғызстан үкіметі Омбымен келіссөз жүргізіп жатыр. Жеткізілімдер қайта жандандырылады деп үміттенеміз», - деді Қырғызстан мұнай трейдерлері қауымдастығының президенті Жұмакадыр Акенеев жұма күні. Ол басқа ресейлік МӨЗ-дердің жеткізілімдері жалғасып жатқанын, бірақ бензиннің басым бөлігі туристік маусымға кедергі болмасын деп, Ыстықкөл облысына жіберіліп жатқанын айтты. «Бағаның күрт қымбаттауына жол бермеуге тырысамыз. Біздегі 1 мың тонна қор 7-10 күнге жетеді. Бұл уақытта үкімет Омбы зауытымен жеткізілімдерді қайта жандандыру туралы келісімге қол жеткізеді деп үміттенеміз», - дейді Қырғызстан мұнай трейдерлері қауымдастығының президенті. Қазіргі уақытта Қырғызстандағы ЖҚС-тардың көбі бензиннің дефицитіне байланысты ЖЖМ саудасына шектеу енгізді. Қырғызстанға мұнай өнімдерінің импорты негізінен Ресей мен Қазақстаннан келеді. Бұрын хабарланғандай, 29 мамырда Қазақстан 2011 жылдың 1 қарашасына дейін ЖЖМ экспортына тыйым салды. Сонымен бірге, Астана Кеден одағы бойынша әріптестері – Ресей мен Белоруссияны да осы шешімге қосылуға шақырды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін