Жарияланды: 640

Өңірде малдәрігерлік шаралардың пәрменділігін арттыру қажет - БҚО

Батыс Қазақстан облысында малдәрігерлік шаралардың пәрменділігін арттыру қажет.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ербол Салықовтың төрағалығымен өткен кеңесте мәлім болды. Е.Салықовтың айтуынша, өткен жылы облыс аумағында мал індетінің 52 ошағы тіркелсе, биыл Ақжайық ауданында ірі қара малдан аусыл шығып, Жәнібек ауданында киіктер арасында пастереллез ауруы тіркелді. Жақында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығы инспекциясының мамандары облыстың бес ауданында жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Мұның өзі бруцеллезге шалдыққан адамның көбеюіне байланысты жасалды. Бүгінде күн тәртібінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал өнімдерін өндірушілерді ынталандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығаратын салаларын күшейту, ветеринария жүйесін халықаралық стандарттарға көшіру мәселелері өткір тұр. Бұл мәселелерге байланысты Үкімет тарапынан тиісті шаралар алынуда. «Ветеринария туралы» заңға енгізілген өзгерістерге орай мал молаларының жұмысын қамтамасыздандыру, санитарлық мал сою орындарын ұйымдастыру, малды бірдейлендіру жұмыстары 475-бюджеттік бағдарлама негізінде жоспарлануы тиіс. Алайда бірқатар аудандарда бұған тиісті қаржы бөлінбейді. Осының кесірінен бұрыннан салынған мал молалары құлап, жарамсыз болып қалған. Мал сою орындарының жағдайы сын көтермейді. «Жаңақала ауданының бюджет есебінен салынған 6 мал сою орнында салынғаннан бері бірде-бір мал сойылмаған. Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек, Сырым, Қазталов аудандарында да жағдай мәз емес. Бұл аудандарда тендерлерді ұтқан кәсіпкерлер арнайы орындарда мал союды ұйымдастырмай отыр. ҚР АШМ облыстық аумақтық инспекциясының бастығы Лавр Хайретдиновтің сөзіне қарағанда, облыстағы 141 мал сою орнының 100-ге жуығы ғана жұмыс істеуде. Бірақ көпшілігінің ветеринарлық-санитарлық жағдайы талаптарға сай келмейді және кейбір қасапшылардың санитарлық кітапшалары жоқ. Облыстағы ауыл шаруашылығы саласының эпизоотиялық ахуалының тұрақтылығының ветеринариялық алдын-алу жұмыстарының дұрыс жоспарлануына тығыз байланысты. Малды сырғалау біркелкі қанағаттанарлық жағдайда өткенімен, оларды электрондық базаға енгізу шабандау жүруде. Бүгінде облысқа бөлінген мал сырғасының 95 пайызы пайдаланылып, сырғалаудан өткен малдың 82 пайызы деректер базасына енгізілген. Биылғы және келесі жылғы алынатын мал төлін сырғалауға жергілікті бюджеттен қаражат-қаржы қарастырылуы керек. Республикалық комиссияның тексеру жұмыстары нәтижесінде анықталғандай, ауыл әкімдіктерінің шаруашылық тексеру кітаптарында көрсетілген мал санының бірдейлендіруден өткен мал санының арасында айырмашылықтар орын алған. Малды түйнемеге қарсы егу жұмыстары өз деңгейінде атқарылмай отыр. Ірі қараны егу Сырымда - 78, Бөрліде - 81, Ақжайықта 85 пайыз орындалса, жылқыны егу Теректі, Қазталов, Бөрлі аудандарында мүлдем орындалмаған. Облыс бойынша вакцина егу жұмыстары өте төмен деңгейде. Биылғы Тінәлі ауылындағы малдан аусыл ауруы шығуы Атырау, Ақтау қалаларына мал тасымалдау жұмыстарын қатаң бақылауға алуды қажет етеді. Ветеринарлық шаралардың дер кезінде жүргізілуі арқасында індеттің бұл ауылдан шығып, таралуына жол берілмеді. Дегенмен жағдай карантин аяқталғанша қауіпті күйінде қалуда. Бұл ауылдың тұрғындарына төленуі тиіс 75 млн. теңге өтемақының 64 млн. теңгесі пошта бөлімшелеріндегі есепшоттарға түскен. Карантин аяқталғанша тұрғындар ауру малдың өтемақысын алмақ. Өткен жылы бруцеллезбен облыста 13, биылғы бес ай ішінде 15 тұрғынның ауырғаны анықталды. Мал мамандарының айтуынша, мал мен адамға ортақ мал ауруларының жойылмау себебі онымен күресудегі кейбір ереже-талаптардың орындалмауы, яғни ауру малдың уақытында құртылмауына байланысты болып отыр. Жиында тек малдың ғана емес, жалпы адамзаттың саулығы үшін күресетін ветеринарлық қызметті күшейту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін