Жарияланды: 570

Оңтүстік Қазақстан облысында әкімшілік және білім беру мекемелері арасында біртұтас ақпараттық кеңістік құрылады

Таяу күндерде Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік мекемелерді пошталық серверге қосу нәтижесінде біртұтас желі арқылы электрондық пошталы байланыс орнату мүмкіндігі қолға келеді. Бұл туралы біртұтас ақпараттық кеңістік құру мәселесіне арналған облыстық семинар-кеңесте жарияланды.

Кеңеске қатысушылардың айтуынша, бірінші кезеңде ешбір шығын талап етілмейді. Ал желі ауқымы кеңейтілетін екінші және үшінші кезеңде көрсетілетін қызметтер ауқымы артып, Интернет желісіне қосылу мүмкіндігі жасалатындықтан қосымша жабдықтар қажеттігі туындайды. Бұл шығынды мемлекеттік мекемелер өз мойнына алуы тиіс. Бастапқыда салалық біртұтас ақпараттық кеңестіктер, сосын облыс бойынша біртұтас кеңістік құру схемасын "ASTEL" АҚ мен білім беру саласындағы жаңа технологиялар орталығының мамандары жасап шығарды. Қазіргі таңда облыстағы мемлекеттік мекемелер шығынды көп мөлшерде талап ететін курьерлік байланыс түрін кеңінен қолданады. Сонымен қатар қалааралық телефон байланысына бір департамент орта есеппен жылына 420 мың теңге төлейді. Жаңа ақпараттық технологияларды іске қосу арқылы шамамен 4-5,5 млн. теңге көлемінде бюджет қаржысы үнемделеді деген есеп бар. Сондай-ақ, облыста білім беру мекемелері арасында корпоративтік телекоммуникациялық желі түзілген. Соның нәтижесінде таяу уақыттарда облыстың ең шалғай мектептерін Интернетке қосу арқылы қашықтан оқытуға жағдай жасалғалы отыр. Әрбір қалалық және аудандық білім беру басқармаларында Интернетке шығу үшін 8 телефондық желіден тұратын спутниктік терминалдар орнатылған. Мектептер байланыс торабына жергілікті телефон желісі арқылы қосылады. Облыстағы барлық компьютерлік класстар модеммен қамтамасыз етілген. Қалалық және аудандық білім беру басқармалары арасындағы келіссөздерді телефон байланысы арқылы жүзеге асыру үшін спутниктік терминалдар дыбысты байланыс аппаратурасымен жабдықталған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть