Облыс басшылығы полицияға көлік және техникалық құралдармен қолұшын беріп отырғанын еске салған әкім барымташылықпен күрестен бұдан да жоғары нәтиже күтуге құқылы екенін атап өтті.
Полицияның мәліметі бойынша, биылғы жылдың 5 айында облыста мал ұрлығына қатысты 378 оқиға тіркелген. Ал өткен жылғы осы мерзімде бұл көрсеткіш 270 болған еді. Осындай қылмыс түрінің бетін ашу көрсеткіші 66,3 проценттен биыл 60,6 процентке дейін кеміді. Ең төмен 28,6 проценттік көрсеткіш Бәйдібек ауданында тіркелді. Ордабасы ауданында барымташылық оқиғаларыың тең жартысы әшкереленбеген. Сондай-ақ, прокуратура мекемелері мал ұрлығына қатысты деректер бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартуға қатысты 12 қаулының күшін жойды.
Оңтүстік Қазақтан облыстық ІІББ бастығының орынбасары Әлімхан Әбжановтың баяндамасында атап көрсетілгеніндей, жалақы мөлшерінің ұлғайтылғанына, өздеріне сеніп тапсырылған аумақтағы ақпараттан толыққанды хабардар болуға тиіс екеніне қарамастан, учаске инспекторлары белсенділік таныта алмай отыр. Мәселен, Ақбастау ауылдық округінің учаскелік инспекторы өз аумағында тіркелген 12 мал ұрлығының біреуін де әшкерелей алмаған. Ал Боралдай округінде қызмет ететін үш бірдей учаске инспекторы 11 малды қолды болдырған ұрыларды ұстай алмаған.
Мал жайылымдарын қорғау жұмыстарын ұйымдастыруы тиіс ауыл әкімдері де бұл істе бойкүйездік танытып отыр.