Жарияланды: 680

Өнімін экспортқа шығарам деушілерге еш кедергі жоқ

Өнімін экспортқа шығарам деушілерге еш кедергі жоқ

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылғалы бизнес пен билік арасындағы диалог жандана түскендей. Біз бүгін Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасы экономикалық сараптама бөлімінің басшысы Жанаргүл Құлмағамбетовамен сұхбат құрдық.  

- Аймақтық палатаның жыл басынан бергі жұмысын таратып айтып берсеңіз?

- Әрбір қалада, моноқалада, аудан-ауылдарда біздің филиалдарымыз кәсіпкерлердің жағдайын жақсарту мақсатында жұмыс істеп жатыр. Қазір біздің қолдауымызбен мыңға жуық кәсіпкерлік жоба іске асырылуда. Соның ішіндегі 167 жоба - тамыз айында жүзеге асып, кәсіпкерлер өз жұмысын бастады.

Енді біздің осындағы рөліміз қандай? Халық бизнес ашуға палата несиемен, ақшалай көмек береді деп ойлайды. Әлбетте, ол қате түсінік. Біздің міндет - кәсіпкер банкке несие алғанға ДЕЙІН қолдау көрсету, кеңес беру. Өйткені бізде  кәсібін ашқысы келген адам бірден банкке барады. Ол жердегілер кәсіпкерге «бизнес жоспар әкел, құжат жина, саған несиені 25 пайызбен береміз» деп шығарып салады. Бірақ  қандай кәсіп ашқан дұрыс? Қай қызмет түрінен пайда табуға болады? Бәсекеге қабілетті бола аласыз ба - міне осы тұрғыда ақпарат бермейді.

Ал 25 пайыздық несие деген - ол ӨТЕ қымбат. Мемлекет тарапынан гранттар, субсидиялар, жеңілдетілген несиелер бар. Ал ол туралы ақпаратты қайдан алуға болады? Бұрын ол жайлы ақпарат беретін мекеме болған жоқ. Палата ашылғанға дейін кәсіп ашам деген адамдар әр мекемеге барып, табан тоздыратын. Қазір мұның барлығы орталықтандырылған. Мысалы, Жаңаарқада тұрсаңыз - Қарағандыға сабылудың қажеті жоқ. Сол жердегі филиалға барасыз да, қажетті бағдарлама туралы ақпарат ала бересіз.

Ең бастысы - сол жерде банк талап еткен бизнес-жоспарды ТЕГІН жасатып алуыңызға болады. Одан өзге бухгалтерлік, құқықтық кеңес беріледі. Осындай қолдаудың арқасында қарағандылықтар арасында өз кәсібін ашуға қызығушылық артқанын атап өту керек.  

-  Қарағандылық өнімдерге деген шетелдердегі сұраныс қандай?

-  Біздің өнімдер, оның ішінде тағамдық өнімдер үлкен сұранысқа ие. Әсіресе, Европа мен Қытайдағы халық табиғи таза өнім тұтынуға асық. Оның ішінде ұнымыз, тәттілеріміз бен түрлі көкөністерге, сұйық майға сұраныс жоғары. 

   Бізге шетелдік инвесторлар, кәсіпкерлер жиі келеді. Айталық, жуырда қытайлықтар келіп кетті. Бізден «Қарағандылық өнім өндірушілермен әріптестік байланыс орнатқымыз келеді. Бізге кездесу ұйымдастыруға көмек көрсетіңіз» деп өтінді. Жергілікті кәсіпкерлердің барлығына хабар жіберіп, арнайы келіссөздер ұйымдастырдық. Соның нәтижесінде, шығыс тәттілерін шығаратын компаниямыз үшін Қытайға жол ашылды. Көрмеден жеке орын берілді. Біз тек қана коммуналдық шығындарды өтейміз, тәттілерді жеткіземіз, қалғаны тегін. Ал, қолөнерші Алла Руденко киізден жасалған шәлі, байпақтарын шетелге шығаруға мүмкіндік алды. Шағын ғана кәсіпкер. Әлбетте, бұл біздің бизнес үшін айтарлықтай үлкен жетістік. Қытай - біз үшін үлкен нарық. Бізде шығарылатын тағам түрлері көп. Оларға машинамызды, түрлі қондырғы, киім-кешектерді өткізе алмаймыз - оны қытайлардың өздері бізден жүз есе сапалы етіп жасайды. Ал тамақ - аз. Сондықтан Қытаймен сауда қатынастарын нығайту - біз үшін өте маңызды мақсат.

-  Демек, сыртқа өнім шығару үшін кедергі жоқ, солай ма?

- Кедергі жоқ. Одан бөлек, экспорттаушылардың жарнамалық, логистикалық, салықтық шығындары мемлекет тарапынан өтеледі. Сондықтан, экспортқа өнім шығарам  деген адамға мүмкіндік мол.

- Кәсіпкерлердің шығындары өте көп. Оларды азайтуға мүмкіндік бар ма?

- Өнімнің өзіндік құнын төмендету үшін түрлі коммуналдық шығындарды азайтуға барымызды салудамыз. Айталық, бүкіл әлемде кәсіпорындар мен жеке тұлғалар  коммуналдық қызмет ақысын БІРДЕЙ тариф бойынша төлейді. Ал бізде қалай? Заңды тұлғалар 3-4 есеге дейін көп төлейді. Осы жағдайды реттеу үшін қазір жан-жаққа хаттар жазылып, талқыланып жатыр. 

Осы мәселе оң шешілсе, кәсіпкерлерді біраз шығыннан құтқарамыз. Электр қуатына төлейтін тариф төмендетілсе, оларға субсидияның да керегі болмайды. Өйткені шығын азайып, тауардың өзіндік құны төмендейді.

- Бүкіл Қазақстан бойынша тек Қарағандыда шығатын ерекше өнім түрлері бар ма?

- Ондай өнім шығаратын кәсіпорындар жетерлік. Мәселен, «Казцентрэлектропровод» - түрлі кабельдер шығарады. Мұндай кабельдер ТМД бойынша тек бізде ғана жасалады. Сонымен бірге шығыс тәттілері республика бойынша басқа ешбір қалада жоқ.  «Сантехпром» өнімдері елде жалғыз, Ресейде оның бір ғана бәсекелесі бар. «Балдырған» велосипедтері Қарағандыда ғана өндіріледі, ал Ресей, Украина, Шығыс Европа елдері оны бізден сатып алады. «Бекем пласт» - ТМД бойынша полимер трубаларын жасайтын жалғыз компания.

Қарағандыда құрылыс өнімдерін өндіру жақсы жолға қойылған. Бізде цемент-кірпіш, сантехникалық құралдардан бастап, жағып-өшіретін ажыратқышқа дейін барлығы жасалады. Осы орайда кеше ғана Тәжікстанмен жасалған келісім-шартты айтуға болады. Өткен аптада Палата басшысы Мәдениет Божбанов Душанбеде болып қайтты. Келіссөздер нәтижесінде бір сол жақта жеке сауда үйін ашу жөнінде келісімге қол жеткіздік. Онда тек қана қарағандылық құрылыс материалдары сатылымға қойылады. Олар өздері де өндіреді, бірақ біздікінің сапасы жақсырақ. Тәжікстан сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандықтан, олар үшін сапа - ең өзекті мәселе. Бұл да біздің Палатаның жергілікті өндірушілерді қолдау бағытында жасап жатқан жұмыстарының бірі.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін