ОҚО-да кәсіпкерді соққыға жыққан полиция қызметкері сотталды
Шымкентте қаладағы кәсіпкерлердің бірін соққыға жыққан полиция қызметкері сотталды, |
деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз хатшысы Шағала Момынханқызы.
«Шымкент ІІБ Әл- Фараби полиция бөлімі учаскелік инспекторының көмекшісі ұрланған аппараттарды табамын деп заңсыз түрде және бірнеше рет ұялы телефон сататын дүңгіршекті тексерген», - дейді Ш.Момынханқызы.
Заңбұзушылық әрекеттерін таппаған полиция қызметкері өз тарапынан қолдау көрсетіп тұру үшін кәсіпкерден ақша талап еткен. Оның айтқанына келіспеген кәсіпкерді қызметтік көлігіне отырғызып, бетінен бірнеше рет ұрған, жәбірленушінің бет-сүйегі сынған. Осы факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 308 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Тергеу жолымен Бексұлтанның кінәсі дәлелденді», - деп хабарлады прокуратураның баспасөз хатшысы. Әл -Фараби аудандық сотының өкімімен полиция қызметкері 3 жылға бас бостандығынан және мемлекеттік органдарда 2 жылға дейін қызмет істеу құқығынан, сондай-ақ полиция лейтенанты атағынан айырылды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін