Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ролі нақты әрі тәжірибелік сипатта болуға тиіс -ҚР президенті - kaz.caravan.kz
  • $ 522.91
  • 548.85
-16 °C
Алматы
2024 Жыл
13 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ролі нақты әрі тәжірибелік сипатта болуға тиіс -ҚР президенті

Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ролі нақты әрі тәжірибелік сипатта болуға тиіс -ҚР президенті

"Орталық Азиядағы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ролі нақты әрі тәжірибелік сипатта болуға тиіс".

  • 7 Маусым 2003
  • 2204
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы бүгін, 7-маусымда Алматыда басталған Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының Трансазиялық парламенттік форумында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсетті,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Н.Назарбаев өз сөзінде : «Қазақстандағы қауіпсіздік құрылымы көпсатылы жүйе түрінде құрылған. Аймақтағы тепе-теңдік пен тұрақтылықты сақтау, қауіп-қатерден қорғауда оның әрбір кластер-бөлшегі өзіндік роль атқарады»,- деді.
ҚР президентінің айтуынша, «Ұжымдық Қауіпсіздік Келісімі жүйесіне қатысушы мемлекеттер әскери-техникалық сипаттағы мәселелерді шешуге септігін тигізуде.
Бұл- әскери қауіп-қатердің алдын алуда маңызды кепілдіктердің бірі болып табылады».
«Ал Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының жүйесіндегі жұмыстар Памирден Тынық мұхитына дейінгі аумақты алып жатқан Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан, Ресей және Қытай шекарасындағы қауіп-қатерді жойды. ШОС аясында халықаралық терроризм қаупімен бірлесіп күресу , экономикалық және гуманитарлық байланыстарды нығайту бағытындағы көп жақты ынтымақтастық формуласы жасалуда» ,- деді Н.Назарбаев.
«Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі келісім жүйесі аясында Азияда жаппай қырып-жоюға арналған қарудан біржола тазартылған Аймақ құру туралы құжаттар топтамасы дайындалуда»,- деп хабарлады Қазақстан Елбасы.
Орталық Азия Республикаларының НАТО-ның «Бейбітшілік үшін ынтымақтастық» бағдарламасына қатысуы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жасаған маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Антитеррорлық коалицияға қатысушы аймақтық мемлекеттер батыл қадамдардың арқасында Ауғанстандағы негізгі террорлық базаларды жоюға мүмкіндік алды. Халықаралық терроризм мен есірткі өндіру ошағына айналған осынау мемлекетте саяси реттеу процессі қолға алынды. Алайда аймақта «осал тұстар» әлі де түбегейлі жойылған жоқ деп атап көрсетті Н.Назарбаев. Осындай проблемалардың қатарында Елбасы халықаралық терроризм, экстремизм, есірткі саудасы, Орталық Азия аумағы арқылы өтетін есірткі тасымалы мен заңсыз көші-қон мәселесін атады. Н.Назарбаевтың пікірінше, осындай «осал тұстар-дың салдарынан Орталық Азия және Еуропа құрлықтарындағы қауіпсіздікке төнген қауіп-қатер әлі күнге түбегейлі жойылмай отыр. Сол себепті, Қазақстан мемлекет басшысының пайымдауынша, әлгіндей «осал тұстарды» «ысырып» тастауда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы белсенді роль атқаруы тиіс.
«Біз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тарапынан Каспийде де батыл қадамдар күтеміз»,- деді Н.Назарбаев. Каспий теңізін қоршаған бес мемлекеттің төртеуі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше. Осы тұрғыдан Қазақстан Каспийдегі тұрақтылық туралы пактге қол қоюды ұсынады. Ол құжатқа Каспий аймағында әскери күш қолданудан бас тарту идеясы арқау болуға тиіс. Осыған байланысты аймақта антитеррорлық тиімді құрылым қалыптастыру талабы туындайды,- деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Орталық Азия аймағындағы маңызды жұмыс бағдарларының бірі ретінде Н.Назарбаев «әртүрлі табиғи және техногендік сипаттағы қауіп-қатерлер мен апаттардың алдын алу, жұқпалы індеттердің таралуына тосқауыл қою » шараларын атады.
Қазақстан президентінің айтуынша, осындай бағыттарға басымдық бере жұмыс істеу арқылы ОБСЕ жалпы Еуропалық кеңістіктегі қауіпсіздік өлшемдерінің аясын кеңейте алады. Соның арқасында Орталық Азия Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының әртүрлі қауіп-қатермен күресте арқа сүйейтін маңызды айлақтарының бірі бола алар еді ,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.