Жарияланды: 630

Өзен кенішіндегі "а3" блогын реабилитациялау жобасының мерзімі 2005-жылдың 30-маусымына дейін ұзартылды

"Өзенмұнайгаз" ААҚ мен Әлемдік банк арасындағы келісімге сәйкес Өзен кенішіндегі "а3" блогын реабилитациялау жобасының мерзімі 2005-жылдың 30-маусымына дейін ұзартылды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне "Өзенмұнайгаз" компаниясының баспасөз қызметінен хабарлады.

Мұнай өндіруші "Өзенмұнайгаз" ААҚ Өзен мұнай кенішін реабилитациялау жобасын жүзеге асырушы агенттік болып табылады. Компания мәліметтеріне сәйкес, Өзен мұнай кенішін қалпына келтіру жобасы Дүниежүзілік банктің директорлар кеңесінің қарауына 1996-жылы ұсынылып, банк тарапынан оң бағаға ие болғандықтан, қаржылық институт елімізге оны жүзеге асыруға 109 млн. доллар көлемінде несие бөлуге шешім қабылдаған болатын. Жобаның жалпы құны 136,1 млн. долларға тең. "Өзенмұнайгаз" ААҚ 27,1 млн. доллар бөлуге міндетті. Қаржыландыру жөніндегі жауапкершілікті "ҚазақМұнайГаз ҰК" ЖАҚ ұлттық мұнайгаз компаниясының құрамындағы "Қазақойл" Ұлттық мұнай компаниясы жүктеуге тиіс. Жоба аймағындағы іріктелген мұнай ұңғымаларында өндірілетін мұнай көлемінің едәуір артатындығымен жоба мақсаты ақталады. Компаниядан хабарлауынша, жобаның экономикалық пайдасы инвестициялар, шығындар мен кірістің долбарлық көлеміне сәйкес есептелген. Өзен кенішіндегі "а3" блогын қалпына келтіру нәтижесінде өндірілетін мұнай көлемі мен оны сатудан түсетін пайданы ұлғайту арқылы республикалық бюджетке салық түрінде құйылатын қаржы көлемін арттыруға жағдай жасалмақ. Жобаға арналған болжамдық есепте экономикалық пайда нормасы 38 процент, нақты таза пайда көлемі 12 процент немесе 81 млн. доллар көлемінде межеленген. Несиені жүзеге асыру нәтижесінде кенішті игеру мерзімі 20 жылға ұзармақ. Компаниядан хабарлауынша, кеніш игерілген 35 жыл ішінде барлығы 275,8 млн. тонна мұнай өндірілсе, ондағы қалдық қор 212,8 млн. тоннаға бағаланып отыр. 1990-жылдан бастап мұнай өндіру көлемі жылына 16-19 проценттік қарқынмен 2,7 есе кеміді. Өзен мұнай кенішін қалпына келтіру жобасына инвестиция құйылмаса, ұзаққа созылған тоқырау салдарынан өндірістік және әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымы дамыған үлкен кенішті игеру жұмыстары таяудағы бірнеше жылда мүлдем тоқтатылып, ірі көлемдегі мұнай қоры жер қойнауында қалады. Сондай-ақ, 70 мың тұрғыны бар Жаңа-Өзен қаласының болашағына да қатер төнейін деп тұр. Сондай-ақ, мұнай компаниясынан хабарлауынша, жаңа инвестицияның арқасында 500 ұңғыға күрделі жөндеу жасалып, геофизикалық зерттеулер мен тестілеу шарасы жүзеге асырылатын болады. 340 шақырымдық мұнай жинау желісі, мұнай қабатындағы қысымды бірқалыпта сақтау жүйесі мен өлшемдік қондырғыларды ауыстыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, мұнайшылар осьтік су-мұнай құбырларының ескісін ауыстырып жаңасын тартуды жоспарлады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть