Бұл туралы облыс әкімі Болат Бақаув жанар-жағармай мен көмір нарығындағы күрделі мәселе талқыланған жиында мәлімдеді. Аймақ басшысының айтуынша, өңірде мұнай зауытының қоймаларындағы жанар-жағармайдан бөлек, тағы 6 мың тонна өнім қоры бар.
«26 қазанға дейін павлодарлық жанар-жағармай нарықта болмайды. Бензиннің барлығы шеттен тасымалданатынын түсінуіміз керек. Бүгінде мұнай-химия зауытында 3 мың тонна өнім бар. Өзге қордағы өнімді қосқанда 9 мың тонна. Бұл 18 қазанға дейін жетеді. Сондықтан, өнімді тасымалдау, бекеттерге жеткізу үрдісін бақылауда ұстау керек», — дейді Болат Бақауов.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облыстағы кейбір жанар-жағармай бекеттерінде АИ-92 маркалы бензиннің бір литрін 170 теңгеден саудалауда. Осындай жағдай Ақтоғай және Қашыр аудандарында орын алып, жұртшылықты әуреге салды.
Өңірдегі көмір кеніштеріндегі жағдай да мәз емес. Шалғай жатқан ауылдарға қатты отын тасымалдау қиындап кеткен. Тасымалдаушылар көмірдің бағасын шарықтатып жіберген. Аймақ басшысының нұсқауымен бұл мәселе де әр әкімнің жауапкершілігінде болады.
«Әкімдер өзі басқаратын елді мекенде отын мен көмірдің қанша қоры бар екенін, отынның қай кеніштен, қашан тасымалданатынын білу керек. Мәселені шешуге екі апта уақыт беремін. Баянауыл ауданындағы Майкөбе мен Талдыкөл кеніштерінде көмір босату жөнінде күнделікті есеп берілетін болсын», — деп қадап айтты аймақ басшысы.
Еске сала кетейік, Павлодар облысының кей жерлерінде көмірдің бір тоннасы 12 мың теңгеден 16 мың теңгеге қымбаттап кеткен. Ал кеніштерде босату бағасы соңғы уақытта өзгерген емес. Мәселен, Сарыкөл кен орнында көмірді босату құны — 3900 теңге. Ал алып-сатарлар өнімді 3-4 есе қымбаттатып жібереді.
«Көмірдің қымбаттауына алып-сатарлардың жауапсыздығы себеп. Тасымалдаушылар пайда табамын деп, бағаны 3-4 есе көтеріп жібереді. Біз отандық нарықпен қатар, көмірді Өзбекстанға да тасымалдаймыз. Өзге де кедергілер бар. «Металлдың тозуы» деген ұғым бар. Көмірді тұтынушыға дер кезінде жеткізуде теміржол саласындағы мәселелер қиындық туғызады. Тасымалдайтын вагондар да ескірген», — дейді Сарыкөл кенішінің директоры Қайрат Мусин.