Павлодар облысында мұғалімдер 30 баланы оқыта алмай өзара қырқысып жүр - kaz.caravan.kz
  • $ 472.48
  • 550.06
+16 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Павлодар облысында  мұғалімдер 30 баланы оқыта алмай өзара қырқысып жүр

Павлодар облысында мұғалімдер 30 баланы оқыта алмай өзара қырқысып жүр

Берекесі қашқан білім ошағы! Павлодар облысының Назаровка ауылында мектеп ұжымы өзара қырғи-қабақ. Мұғалімдер бір-бірімен сағаттарын бөлісе алмай жатса, бір топ ұстаз директорды ақша жинаудан қолы тимейді деп кінәлауда.

  • 11 Наурыз 2015
  • 258
Фото - Caravan.kz

Бұл – Назаровка елді-мекеніндегі жалғыз білім беру мекемесі. Жүз балаға шақталған мектепте бүгінде небәрі отыз бала қалған. Онсыз да жабылудың алдында тұрғын білім ошағындағы ұстаздардың сыйқы мынау. Сағат бөлісе алмай, дауласып әлек. Мектептің бұрынғы директоры Жәния Қабдығалиева қазір қарапайым мұғалім. Ол да жаңадан келген басшымен өш.

Жәния Қабдығалиева, мектептің бұрынғы директоры:

-Мектеп төрайымы Құрманғалиева Анар Болатқызы. Ол кісіге біз ай сайын өз еңбегімізден ақша береміз, құны мың, мың жарым, екі жарым мың теңге. Ол кісі бізге есеп бермейді, мектептің керек-жарағына дегенді  айтады. Заң бойынша ешқандай ақша жиналмауы керек. Мұғалімдерден, балалардан да жинамау қажет.  

Алмагүл Қанаева – дипломмен ауылға келген жас маманның бірі. Декреттік демалысқа кеткен бастауыш сынып мұғалімінің орнына уақытша орналасқан. Сондықтан да мемлекеттік бағдарлама аясында ұсынылатын жәрдемге ілікпепті. Ол да мектеп басшысы ақша жинайды деп отыр.

Алмагүл Қанаева,
мектеп мұғалімі:

-Соңғы рет бермеген едім, маған қоқан-лоққы көрсетіп, бүгінге дейін істеп жүрген қосымша жұмыстан айыратынан айтты. Жалақым аз болғандықтан, мектепте іс жүргізуші қызметіне де орналасқан едім.

Бұл жайттарды енді естіген аудандық білім бөлімінің басшылары да мектепке тілшілермен бірге жетті. Ал бұған дейін бет қаратпаған директор ауданнан адамдар келгенде ғана мән-жайды түсіндіруге келісті.

Анар Құрманғалиева, мектеп директорының міндетін атқарушы:

— Түбіртектердің бәрі бар. Тек дәл қазір оларды сіздерге бере алмаймын. Іздеп табу керек. Ал ақшаны біз мектептегі кейбір олқылықтарды жоюға жинадық. Ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Қыста терезелерді жамап, мектеп алдына жарық орнаттық.

Бұған илана қоймаған ұстаздар құзырлы органдарға шағым түсірді. Ал әрқайсысында 3-4 баладан ғана құралған 9 сыныбы бар мектептің тағдыры оқу жылының соңында шешілмек.