Жарияланды: 500

Павлодарда жазғы фестиваль қымызмұрындық мерекесімен ашылды

Павлодарда Қазақстан халқы Ассамблеясының мәдениет және өнер жазғы фестивалі қымызмұрындық мерекесімен ашылды.

Биылғы шара ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып отыр. Қалалық саябақта барлық келушілерге қазаққа тән қонақжайлылықпен сары қымыз ұсынылды. Тіл үйірер балдай қымызға сусаған, ата-бабамыздың салт-дәстүріне немқұрайлы қарамайтын қала тұрғындары орталық баққа көптеп жиналды және олар қымыз ашытудың қыр-сырымен таныса алды. Мұсылман әйелдер лигасының облыстық филиалының өнер ұжымы халық әндерін орындады, қазақтың салт-дәстүрлерімен таныстырды. «Қымызмұрындық мерекесін қазақтар байырғы заманнан тойлап келеді. Жастарымыз осынау игі дәстүрді жалғастырса, халқымыздың салт-дәстүрлерін білсе екен дейміз. Олар Тәуелсіздік алғаннан кейін қайта жаңғырған қымызмұрындық мерекесін тойласа екен дейміз», -дейді павлодарлық мұсылман әйелдер лигасының жетекшісі Зара Қожахметова. Қазақстан халқы Ассамблеясының этно-мәдени бірлестіктері жаз бойы әр сенбі мен жексенбі сайын өз мәдениеттері мен өнерлерін таныстырады. Саябақта әр ұлт пен ұлыстың әндері шырқалады. Шынымен де осында керемет жаздың жылы шырайлы күндері келетін қымызмұрындық мерекесінің қасиеті ерекше. Халқымыз қыстың қытымыр күндерін артқа тастап, ұзын сарыдан да өтіп, аузының аққа тиген шарапаты мол уақыты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін