Павлодардың қалалық мәслихатының депутаттар тобы облыстық газет бетінде облыс орталығының әкімі Бәкір Демеуовке қаланың қоқыс төгетін орнын жекеменшік кәсіпорынға жалға беруге қатысты өткізілетін тендерді болдырмауды өтініп, ашық хат жолдады.
Қалдықтар полигоны қалалық коммуналдық меншік болып табылады және ұзақ уақыттан бері жекеменшік кәсіпорының басқаруына сеніп тапсырылған. Депутаттардың пайымдауынша, жекеменшік иесінің тұрмыстық қоқыстарды төгуге жоғары баға белгілеуі облыс орталығы мен Павлодар қаласының сыртында қоқыс үйінділерінің пайда болуына әкеп соқтырған, оларды жою қалалық қазына үшін қымбатқа түспек. Қалалық тұрғын үй — коммуналдық шаруашылығының көлік және көлік жолдары бөлімінің мәліметтеріне сүйенсек, Павлодардағы апаттық қоқыстарды жоюға 2007 жылы 10 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалса, тағы 26 млн теңге ішкі кварталдық аумаққа санитарлық тазалық жүргізуге жұмсалған.
Халық қалаулылары, жекеменшік кәсіпорыны тендерді қайтадан жеңіп алса, жалға алу ақысының жоғары екендігіне сілтеме жасай отырып қоқыстарды қабылдау бағасын одан әрі көтеретіндігіне сенімді. Депутаттардың мәлімдеуінше, мұндай жағдайда Павлодарда қоқыстар үйінділері одан әрі өсе бермек, сондай-ақ оларды жоюға жұмсалатын қалалық қазына шығыны да қатар өседі. Қалалық мәслихат депутаттары қалалық әкімшілікке алдағы тендерді болдырмай, қоқыс полигонын «Қалалық коммуналдық шаруашылық» кәсіпорынына беруді ұсынып отыр. Сондай-ақ үндеуде қала аумағын тазалауға қатысты іс-шаралар тізімін кеңейту туралы да айтылған. Депутаттар билік өкілдеріне келешекте Павлодарда тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі заманауи кәсіпорын құру жобасын қарастыруды ұсынды. Халық қалаулылары, 21-желтоқсанға межеленген осы жылдың соңғы сессиясында өздерінің жауап алатындықтарына үмітті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті