Қалалық мәслихат депутаты Жасұлан Ахметов өз сайлаушыларымен жоспарлы кездесуі осылай дауға ұласады деп мүлде ойламаса керек. Өйткені депутаттың учаскесіндегі Рижская деп аталатын көшенің аты өзгертілмекші. Оған бұрынғы партия қызметкері Тауфиқ Мұхамед-Рахымовтың аты беріледі деп шешіліпті. Бұған ескіні аңсайтын сол баяғы көнекөздер қарсы.
Жасұлан Ахметов, Петропавл қалалық Мәслихатының депутаты:
-Жоқ ары қарай не істейсіз сонда?
-Сауал жазамын. Осы міне ұжымдық хаттарыңызды депутаттық сауалыма қосамын.
-Бұл көшені өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Балтық жағалауынан тың көтеруге келген жастар салған екен. Көбі осы жерде қалып қойған. Сондықтан халық көшенің тарихи атауы сол күйі қалсын деп отыр. Жалпы, Петропавл шенділері қаланың 4 көшесінің атын өзгертпекші. Совет, Юбилейная, Рижская және Әбу Досмұхаметов көшелеріне олар өңірге еңбегі сіңген жандардың есімдерін бермек.
Елімізде бес жыл бойы көше аттарын өзгертуге мораторий жарияланғаны мәлім. Биыл бұл мерзімнің біткен соң, қызылжарлық шенеуніктер іске кірісе бастады.
Ернияз Сұлтанов, Петропавл қалалық әкімдігі ономастикалық жұмыс бөлімінің басшысы:
-Осы бес жылдың ішінде облыстық және қалалық ономастикалық комиссиясына көптеген өтініштер түсті. Былтырғы Елбасының жарлығына сәйкес мораторий алып тастағаннан кейін сол өтініштерді қарастыру жұмыстары жүргізілді. Менің өз ойым енді Петропавл қаласының қазіргі заман талабына сай келмейтін көшелердің атын өзгертуге қолдау көрсетемін.
Тұрғындардың бір тобы Кеңес тұсынан қалған атаулардың өзгетілуіне қарсы емес. Оларды қынжылтатыны шенділердің халықпен санаспайтындығы мен атқамінерлердің түсініксіз шешімдері.
Светлана Темникова, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Кейбір көшелердің аттарын үшінші қайтара өзгертіп жатыр. Мысалы, Шоқан Уәлиханов атындағы көше айналдырған он шақты жылда он рет өзгерген шығар. Алғашында «Екінші коммунистік» еді, одан кейін Айыртау болды, кейін Жұмабаев болды, одан кейін Шоқан Уәлиханов болды. Бұл не ақшаны желге шашу ма әлде атайтын өзге көше қалмады ма?
Шаһарда «бірінші линия», «екінші линия» деп жалғаса беретін көшелер жетіп артылады. Бірақ неге екені белгісіз, атқамінерлер олардың атауын өзгертуге асығар емес.