Профессор: Аграрлық саланы дамытамыз десек, студентті дұрыс таңдай білуіміз керек - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Профессор: Аграрлық саланы дамытамыз десек, студентті дұрыс таңдай білуіміз керек

Профессор: Аграрлық саланы дамытамыз десек, студентті дұрыс таңдай білуіміз керек

Елбасы Жолдауына орай ҚазҰАУ профессоры, ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты Алексей Ағыбаев өз ойын ортаға салған еді.

  • 6 Ақпан 2018
  • 220
Фото - Caravan.kz

Ғалым аграрлық саланы дамыту үшін осы салада оқитын студенттердің өзін іріктеп алу керек деген пікірде, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Президенттің биылғы Жолдауында негізгі көңіл бөлінген сала – аграрлық сала. Мысалы, өндірістік революция, ақылды технология барлығы қамтылған. Сонымен қатар, әлемнің дамыған елдеріндегі жақсы технологияларды біздің елде де трансформаттау, біздің аймаққа да бейімдеу жұмыстарын жүргізу керектігі айтылды. Мысалы біздегі өндіріске жұмсалатын қаржыны тікелей осы шетелдегі технологияларды әкелуге жұмсайтын болсақ, сонда өз-өзін жылдамырақ ақтайтын болады. Мұны қазіргі шаруашылықтардың тәжірибесінен де байқаймыз. Мысалы, Алматының іргесіндегі Талғарда «Байсерке» деген шаруашылық бар. Сол шаруашылық шетелден әкелген технологияларды, техникаларды енгізіп, әр түрлі дақылдан үлкен өнім алып отыр» — дейді профессор.

Оның айтуына қарағанда биылғы Жолдау еліміздегі аграрлық салаға айрықша серпін береді.

«Сонымен қатар, Президент Жолдауында ақылды суару жүйесі, минералды тыңайтқыштар, зиянды жағдайлармен күресу қатарлы аграрлық саладағы ең өзекті мәселелер айтылды. Осындағы ақылды суаруға келер болсақ, бұл – тамшылатып суару жүйесі ғой. Бұл жүйе Қазақстанда соңғы 20 жылдан бері жасалып келеді. Әсіресе тамшылатып суарудың тиімділігін көріп отырған ОҚО, Қызылорда, Жамбыл облыстары. Бұл әуелі су жетіспеушілігінен құтқарады. Әйтпесе өздеріңіз білесіздер, Қазақстан су мәселесінде өзге көрші мемлекеттерге тәуелді. Әсіресе Қырғызстан мен Өзбекстан көктемгі егіс науқаны кезінде судан қаңтарып тастайтын кездері болады. Сондықтан мұндай тәуелділіктен құтылудың бір жолы осы – тамшылатып суару. Бұл біріншіден суды үнемдесе, екінші жағынан жердегі, қара топырақтағы эрозия процестерін жүргізбейді. Мысалы бұл тәжірибені Израиль қолданады. Ол жақтың табиғаты құмды, шөлейт. Соған қарамастан осы ақылды суару жүйесі арқылы олар мол өнім алады» — дейді Алексей Ағыбаев.

Профессор аграрлық саланы дамыту үшін студенттердің өзін сұрыптап қабылдау керек деген пікірде.

«Президент Жолдауында осы салаға қатысты ЖОО-ға да арнайы тоқталған. Өздеріңіз білесіздер, тікелей осы аграрлық салаға қатысты Қазақстанда үш ЖОО бар. Солардың оқу, оқыту процестері түбегейлі өзгеріске түсу керек. Мысалы оқу бітірген студент университеттен тек диплом ғана алып шықпауы керек дейді Елбасы. Ертең өндіріске барғанда жұмыс істеп кететіндей, дайын маман болып шығуы керек екенін, олар ғылыми салада да өз ісінің білгірі болуы керектігін айрықша тапсырды. Дегенмен бұл күрделі жағдай. Ол үшін әуелі студенттерді қалыптастыратын континенттен бастау керек. Себебі, қазір барлығымызға жасырын емес, университеттен әйтеуір бір диплом алсам болды деп жүргендер көп. Сондықтан аграрлық салаға келетін студенттердің ертең маман болып шыққан соң, кез келген жерге барып, кез келген жағдайда жұмыс істей аламын дегендерін ғана қабылдау керек. Студенттердің бітіріп шыққан соң ауылға барып аграрлық іспен айналысатынына немесе осы саладағы ғылыммен айналысатынына көз жеткен соң, білім беру процесін де соған қарай бейімдеу керек. Сонымен қатар, бұл саланың теориялық білімінен, өндірістік-тәжірибесі көбірек болуы керек. Сонда студенттер әр нәрсені көзімен көріп, қолымен ұстап, өз мамандығына сіңісе алады. Ол үшін төрт жыл білім алғанда өндірістік-тәжірибе 6-7 айдан кем болмауы керек» — дейді ғалым.

Оның айтуына қарағанда мемлекет жыл сайын бір студент үшін қыруар қаржы бөледі, бірақ оның артынан ешкім сұрау салып, ол ақшаның тиімді жұмсалғанын тексеріп жатқан ешкім жоқ.


«Ал осы саланың ғылыми бағытына қызығушылығы бар, бейімі бар студенттерді ғылыми институттарға өндірістік-тәжірибеге жіберіп, болашақта ғылыми қызметкер болуына мүмкіндіктер жасауымыз керек. Тағы бір ойға алатын мәселе – аграрлық университеттерге студенттерді қабылдаған кезде көбінесе ауылдан шыққан балаларды қабылдауға тырысу керек. Ауылдық квотаны да осы салаға көбірек бөлу керек. Соңғы кезде осы салада оқитын қыздардың саны көбейіп кетті. 70-80 пайызы қыздар десек те болады. Ал, жасыратыны жоқ, қыздардың көбі ауылға қайтпайды. Бұл – біз аграрлық салға маман дайындап жатпағандығымызды көрсететі. Ал мемлекет әр студентке жылына 400-600 мың аралығында қаржы бөледі. Бұл аз ақша емес. Ал осы ақшаның ертеңгі сұрауы, оның игерілуі, оның ақталуы деген мәселені де естен шығармағанымыз абзал» — дейді Алексей Ағыбаев.

 

Соңғы жаңалықтар