Жарияланды: 40

Прокуратура: жас жігітті қағып өлтірген шенеуніктің қасында Өскемен әкімі де болған

Прокуратура: жас жігітті қағып өлтірген шенеуніктің қасында Өскемен әкімі де болған

Риддер әкімінің орынбасары рөлге мас күйінде отырған.

Риддер әкімінің орынбасары 19 жастағы жігітті қағып өлтірген кезде көлік салонында Өскемен әкімі де отырған. Бұл ақпаратты ШҚО прокуратурасы бүгін ресми түрде растады, деп жазды Sputnik Устинка LIVE-қа сілтеме жасап. 

Еске салып өтсек, бұған дейін Өскемен әкімінің баспасөз хатшысы Әсет Қайратбек облыс орталығының басшысы Қуат Тұмабаевтың қайғылы жол апатына кездейсоқ куә болғанын айтқан еді. Алайда ШҚО прокуратурасы Тұмабаевтың мас жүргізушінің қасында отырғанын мәлімдеді. 

Қадағалау ведомствосынан хабарлағандай, 19 сәуірде Риддер қаласының прокуратурасына марқұмның әкесі арызданып, апатқа кінәлі жүргізушіні ұстауға дер кезінде шара қабылдамағаны үшін ІІБ қызметкерлерін жауапқа тартуды сұраған. 

Дәл сол күні қалалық прокуратураға қаза тапқан жігіттің әкесінің досы Риддер ІІБ криминалды полиция бөлімінің бастығы қысым мен қоқан-лоққы көрсетіп жатқанын айтып шағымданған. 

"Аталған фактілерге қатысты облыстық ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы ҚК 370-бабы (қызметтегi әрекетсiздiк) және 362-бабы 4-тармағы (күш қолданып, лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр", — делінген ШҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің ресми хабарламасында. 

Қылмыстық істерді тергеу қадағалау ведомствосының бақылауында. Риддер әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаевқа қатысты кепіл енгізу құқығынсыз қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. 

Қазіргі таңда ол уақытша ұстау изоляторында жатыр. Өскемен әкімдігі әзірге аталған жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ. Кеше қалалық әкімдік баспасөз мәслихатын өткізбек болды, алайда соңғы сәтте жоспар бұзылды. 

Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмей отыр.



 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін