Ол шетелдік инвестор немесе отандық кәсіпкер болуы мүмкін. Бірақ жаңа басшылыққа қойылатын талап қатаң. Күллі әлемге үлгі болар медицинасы бар Германия сонау 1990 жылы жекеменшік клиникалар тәжірибесін енгізген. Темір тәртібімен танымал бұл елде бүгінде 1996 аурухананың 596-сы ғана мемлекет меншігінде қалған. Ал алып АҚШ болса, қайырымдылық мақсатта құрылған «табыссыз» емдеу орталықтарына басымдық берген. Халықаралық тәжірибені зерттей келе, Қазақстан да, емдеу мекемелерін адам денсаулығын ең жоғарғы құндылық деп санайтын сенімді қолға тапсыруға бел байлады.
Бауыржан Байсеркин, ҚР ДСӘҚ министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры:
— Емдеу мекемелерінің сапасын көтеретін, халықаралық талаптарды орындап, заманауи менеджмент орнататын кәсіпкер не инвесторларға ғана сенімді басқару құқығы беріледі. Ал біз медициналық қызметтің сапасын, қолжетімділігін үнемі бақылап отырамыз, халықтың пікірін сұраймыз. 5 жыл қатарынан мін таппасақ, ол толығымен сол адамның не мекеменің құзырына өтеді. Емханамен қоса, мыңдаған адамның денсаулығын өз мойнына артатын тұлға өткір сын тезінен өтеді. Ол міндетті түрде медицина саласында еңбек ететін, тәжірибесі мол, білімі терең маман болуы шарт. Бұл өзгерістен құлағдар болған халық қалталылардың қарым-қабілетіне сенгенімен, медициналық қызметтің қолжетімділігі сақталатынына күмәнмен қарап отыр. Медицинадағы жаңа бетбұрыс қарапайым жұртты селт еткізгенімен, кәсіпкерлердің бұл ретте тәжірибелері жоқ емес. Қарағандылық Надежда Хохлова 3 жыл бұрын жеке компанияға қарасты емхананы сенімді басқаруға кіріскен. Әуелде мекемені жөндеу, құрал-жабдық, білікті маманмен қамтудың өзі қаржылық салмақ түсіргенімен, жеке емхана аз уақыт ішінде халықтың сенімін жаулап үлгеріпті.
Надежда Хохлова, жеке емхананың директоры:
— Бізге келіп емделетін науқастар саны күн сайын артып келеді. Алғашқы жылдары 5000-дай адам тіркелген болса, қазір 11 мың адам тұрақты келеді. Жеке емханалар да мемлекеттік сияқты әр қызметі үшін лицензия алады, емдеу стандарттары да бірдей. Мемлекеттік мекемеде тегін болған емдер сол күйінде тегін болып қала береді. Тек сапасы артады. Қызмет саны көбейеді. Сондықтан жеке емханалардан қорқудың қажеті жоқ. Сенімді басқару құқығы әзірге тек қаладағы емханаларға ғана беріледі. Ал көзделген мақсат орындалып, жеке басқарушылар үздік медициналық қызмет орната алса, 2020 жылға қарай ауруханалар да бизнесмен мен инвестор қолына берілуі мүмкін.
.