Қарағандыдан шыға берістегі бақылау бекетінде әлі қарбалас. Жаңа заң бойынша мұндағы тексеру аялдамасы алынып тасталған. Бірақ жүкті асыра тиеп алғандарды қолға түссе оңдырмайды екен. Айыппұл көлемі 370 мың теңгеден басталады. Бірақ, жылжымалы пункт деген аты болмаса, заты сол бекеттің жұртына жайғасқан және осы жерден мына сым арқылы қуат алып тұр.
Ал мыналар 400 ден 700 мың теңгеге дейін айыппұл арқалаған жүргізушілер. Артық жүк тиелген деген желеумен көліктері тұралап тұр. Алды Астанадан шықса, арысы Ресейдің Владивосток өңірінен ат арытып келе жатыр. Жол бойында қанша бекеттен оңай өткенде Қарағандыда бүйректен сирақ шығатынын білмедік дейді.
Орнатылған мына арнайы құрылғылар қазірге тесттік режимде жұмыс істеп тұр. Осыған байланысты көлік бақылаушылары көліктердің салмағын қол таразыларымен өлшеп жатыр. Жүргізушілер ол салмақпен келіспей, таразыдан қайта өтуді сұраса, бақылаушылар әрнені сылтауратып рұқсат бермейтін көрінеді.
Жеңісбек Мергенов, Қырғызстан азаматы:
— Бір жолы өлшенгенбіз, сол бойы өлшенген жоқ, қайтып арыз жаздық Юрий Генадьевичке, 15 күннің 13 күнінде бардық, нәтиже жоқ. Елшілікке қайырылып жатырмыз. 15 тәулік болды жатқанымызға , қарайтын адам жоқ.
Қырғыз ағайындар қайда барарын білмей сасса, Атбасардан келе жатқан мына азамат қасарысып жүріп қайта өлшенген. Бірақ таразыға түскен 3 ретте де 3 түрлі санды көріп жағасын ұстап отыр.
Александр Эккард, жүргізуші:
— Екінші күні өлшенгенде бірінші күнгіден артық салмақ көрсетті. Үшінші рет тіпті көп. Көлік бір орында бір апта бойы тұрса да күннен күнге салмағы өсіп келе жатыр. Бұл не деген сұмдық. Таразылары дұрыс істемейді, тек ақша сору үшін қолданады мұны.
Көлік бақылаушылары жүргізушілердікі бос сөз дейді. Айтуларынша барлығы заң жүзінде жұмыс істеп тұр.
Геннадий Лу, Қарағанды облыстық аймақаралық көлік инспекциясының бөлім бастығы:
— Таразылар сертивикатталған. Америкалық белгілі компанияның өнімі. Дұрыс жұмыс істеп тұр.
Көлік инспекциясындағылар осы дау басталғалы қаржы полициясы да, прокуратура да тексеріп жұмысымыздан кілтипан таппады деп шіреніп тұр. Ал дауыс жетер жерге байбалам салған жүргізушілер жанайқайымызды құзырлы органдар құлағына ілмей жатыр деп қынжылуда.