Аталған екі компанияның экологиялық талаптарды өрескел бұзғанын былтыр Атырау облысының экология департаменті анықтаған болатын. Қашағандағы «Д» жасанды аралынан Атырау іргесіндегі «Болашақ» зауытына дейін тартылған құбырдан ақау шығып, салдарынан 3 миллион текшеметр газ ауада жанған. Осы деректерді алға тартқан экологтар келген шығынды 134 миллиард теңгеге бағалап, оны өндіріп алу үшін қос компанияның үстінен сотқа арыз түсірген-ді. Алпауыт компаниялар алғашқы соттарда да жеңіліс тауып, ақыры арыздарын Кассациялық алқаға берген. Дегенмен олар да алдыңғы шешімді күшінде қалдырып отыр.