Жарияланды: 510

«Қазақ елімен» танысатын күн алыс емес» - баспасөзге шолу

«Қазақ елімен» танысатын күн алыс емес» - баспасөзге шолу

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Степногор қаласындағы №2 индустриялық-техникалық колледжінің түлегі Әділет Текежанов Бразилияның Сан-Паулу қаласында өткен 43-ші «WorldSkills Competition» халықаралық кәсіби шеберлік байқауының жеңімпазы атанды. Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасындағы ол «Токарьлық іс» атауында алдына жан салмады. Бұл айтулы жарысқа 70 елдің жұмысшы мамандығын

игерген таңдаулы жастары қатысты. Қазақстан командасы мұндай жарысқа тұңғыш рет жолдама алған еді. Халықаралық байқауға еліміздің 15 облысынан, Астана және Алматы қалаларынан алдын ала іріктеу жарыстары өткізілген болатын. Мұнда үміткерлер кірпіш қалау, әрлендіру, темір жону, дәнекерлеу, мейрамхана қызметі, шаштараздық өнер, тағы басқа мамандықтар бойынша сынға түсті. Облыс әкімі Сергей Кулагин өз ісінің шебері атанған Ә.Текежановты жоғары табысымен құттықтап, бағалы сыйлық тапсырды. - Алыстағы Бразилиядағы конкурста өз еліңді сүюдің, оның абыройын әлемдік деңгейде қорғаудың не екенін мықтап сезіндім, - деді Ә.Текежанов жауап сөзінде. Бұл материал «Бразилиядан жеткен қуаныш» деген тақырыппен жарияланды.


Бас басылымда «Ойнаймын деп от басты» деген материал берілген. Тау халықтарында үйлену кезінде аспанға қаратып мылтық ататын дәстүрі бар. Сайрам ауданы Манкент селосындағы үйленген жастар мінген кортеж аулаға жақындағанда күйеу жігіттің досы ерекше құрмет көрсетпек болады. Машинаның терезесінен қосауыз шығарып аспанға атады. Екіншісін атқанда мылтығына ие бола алмай, күтіп тұрған топқа бағыттаған. Бытыра автомашина жүргізушісінің бетін жаралап, 23 және 26 жастағы әйелге және жас балаларға тиеді. Екі жасар бала бар ауруханаға ауыр халде түскен бесеудің ішінен екі әйел қайтыс болды. Елден безіп қашып кеткен қылмыскер арада бір күн өткен соң полицияның қолына өзі берілді. Енді оның үстінен ҚР ҚК 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өрімдей жас жігіт досына сый көрсетем деп жүріп, осылайша от басты.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында «САҚ» киностудиясының «Қазақ елі» атты толықметражды анимациялық фильмінің жұмыс барысына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай арнайы түсіріліп отырған балаларға арналған «Қазақ елі» анимациялық фильмін түсіру «Сақ» киностудиясына жүктелуі де кездейсоқтық емес. 

 Анимациялық фильмде оқиға желісі Керей мен Жәнібектің балалық шағынан басталады. Оқиға олардың ер жетіп, ел басқарып, Қазақ хандығын құрғанға дейінгі аралықты қамтыған. Мультфильмді түсірудегі мақсат не? Қазақтың кішкентай көрермендерінің танымына лайық сүбелі дүниелер ұсыну. Бұл әсіресе, қазақ хандығына келгенде алдыңғы кезекте тұрған мәселелердің бірі еді. «Сақ» киностудиясы бұл мәселенің шешімін тапқан секілді. Мультфильм балалардың Керей мен Жәнібектей батырлардың қазақ хандығын қалай құрғанын біліп, соларға еліктеуге, өз елінің патриоты болуына негіз болмақ. 

Фильм желісінде Жәнібек пен Керейдің ұстазы болған Қарт батырдың оларға садақ ату, қылыштасу, атпен шабу, сол секілді жауынгерлік өнердің түрлі тәсілдерін үйретуі кеңінен көрсетіледі. Кейін ел басқаруда білімнің де маңызы зор екенін ұстазынан ұғынған Керей мен Жәнібектің Отырар қаласына аттануы, Отырар кітапханасын аралап, ғұлама ұстаздардан түрлі дәрістер алып, елге оралғанда түрлі ерліктерімен көзге түсе бастауы да енгізілген. Бұл жайында «Қазақ елімен» танысатын күн алыс емес» атты материалдан толық оқи аласыздар.

Осы басылымда «Қашанғы Министрлік сақтандырады?» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қазақстанда 2017 жылдан бастап, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі ендірілетін болды. Ол 2024 жылға дейін кезең-кезеңмен қалыптастырылады. Кеше Мәжілісте «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» және оған ілеспе - қос заңның тұсауы кесілді. Оған сәйкес, әлеуметтік осал топтарды - мемлекет, қызметкерлер мен жұмысшыларды жұмыс беруші «медициналық» қорғауға алатын болады. Жұмыс істейтін азаматтардың жалақысынан да келешекте 2 пайыз қаржы осы сала үшін қосымша ұсталады. Жаңа заң жобасына сәйкес, азаматтарға медициналық қызметтің 2 пакеті ұсынылады: біріншісі - республикалық бюджеттен қаржыландырылады және медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет болып табылады. Ол Қазақстанның барша азаматтарына арналған. Пакеттің құрамына «жедел жәрдем қызметі» және «санитарлық авиация», «әлеуметтік маңызды ауруларға душар болғанда, сондай-ақ шұғыл жағдайларда көрсетілетін медициналық көмек», «профилактикалық екпе» кіреді. Бұларды қазір қазақстандықтар онсыз да тегін пайдаланады. 

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Байқоңыр балалары қазақша оқиды!» атты мақала жарияланды. Осы күні білім ордаларында жаңа оқу жылы басталды. Қазақ елінің түкпір-түкпірінде алғашқы қоңырау соғылып, салтанатты жиын өтті.  Мектептер мен колледждерде алғашқы сабақ патриотыққа, отансүйгіштікке арналды. Ол - «Ерлік сабағы» деп аталды. Сабақтың бұлай аталуы да жайдан-жай емес. Өйткені биыл Қазақ хандығына 550 жыл, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына 70 жыл толып отыр. Әскери-патроиоттық тәрбиені кешенді жүргізу, оны мектеп оқушылары арасында кеңінен насихаттау әрі жас ұрпақтың бойына сіңіру уақыт талабы екені анық.

Биыл бірінші сыныпқа барған балғындар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше сыйлығына ие болды. Ол - «Менің Отаным - Қазақстан» деген кітап. Мемлекет басшысы кітаптағы құтықтауында былай дейді:
«Қымбатты жас дос!
Сен жаңа белеске қадам бастың, мектепке келдің, оқушы болдың. Бұл сен үшін үлкен мереке. Ал мерекеде сыйлық беріледі. Бұл кітап - менің саған жасаған сыйлығым! Мектепте сені қызықты жаңалықтар мен ғажайып уақиғалар күтіп отыр.
Қазақстан - біздің Отанымыз. Өз Отаныңның тарихы мен мәдениеті, ана тіліңді білуің керек. Бұған алғашқы ұстазың мен оқулықтарың, осы кітабың көмектеседі. Қазақстанның болашағы жарқын. Бұған достарыңмен бірге сен де өз үлесіңді қосасың. Білім әлеміне саяхатың сәтті болсын!».
«Аталған оқулық жас бүлдіршіндерге арналған тамаша тарту. Бірінші сынып оқушысы туған елі, сондай-ақ өңірлер туралы деректерге қаныға алады. Мұның бәрі баланың атамекенін, Отанын құрметтеп өсуге көмегі тиері анық», -деп жазады басылым.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін