Жарияланды: 780

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын басталды

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын басталды

Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиын басталды.

Шараға Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия  парламентінің төрағасы Исмет Йылмаз  қатысуда.

«Құрметті ханымдар мен мырзалар, мәртебелі меймандар!  Сөзімді бастамас бұрын, бүгінгі күні түркі тектес мемлекеттердің 5-ші саммиті өтетін күніменен біздің мерекеміз дәл келгенін айтып өтейін. Сондықтан осы жиынға  қатысып отырған құрметті қонақтарымыз Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевті құрметтейміз. Қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаевты зор құрметпен қарсы аламыз. Ердоған мырза алдындағы шаруаларына байланысты маған телефон шалып, уәкілі ретінде Ұлы Түрік жиылысының төрағасы Исмет Йылмазды жіберді», - деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

«Қазақ халқының 550 жылдығына жиналған барша қауымды бүгінгі торқалы тоймен шын жүрегіммен құттықтаймын. Қазіргі бүкіл әлемді дағдарыс жайлап, дамыған елдердің өзі үлкен экономикалық күйзеліске ұшыраған мынау алмағайып заманда алыс-жақын ағайынның басын қосып, Қазақ хандығының 550 жылдық ұлан-асыр тойын өткізудің өзінің ерекше себептері бар», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгінгі той ең алдымен батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету, олардың тағдырының сан алуан қиындықтардан сүрінбей өткен ата тарихтан тағылым алу үшін өткізіліп отырғандығын еске салып өтті.

«Өздеріңіз білесіздер, Кеңес одағы заманында Қазақстан мектептерінде оқушылар КСРО тарихы атты ортақ оқулықтан білім алды. Пышақтың жуандығындай ғана кішкентай кітапшадан тағылым алдық. Сондықтан жас ұрпағымыз ата тарихынан мүлдем алшақтап қалғанын білесіздер. Оның үстіне қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. Тіпті, айта кетейтін, өз ішімізден шыққан оларды жамандағыштар  құрметке бөленді», - деді ҚР Президенті.   

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін